Түрік кәсіпкерлері Астанада 160 млрд теңгеге бидайды терең өңдейтін зауыт салады

Түркияның Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидайды терең өңдейтін зауыт салады. Мұндай келісім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға ресми сапары аясындағы түрік бизнес өкілдерімен болған келіссөздер нәтижесінде жасалған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, компания 160 млрд инвестицияны кезең-кезеңмен құяды.
«Алғашқы кезеңде 110 теңге, екінші кезеңде 50 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Оның аясында бидай мен бұршақ терең өңделеді. Бұл – жоба өте маңызды. Бізде қазіргі таңда мұндай бір ғана зауыт бар, ол Солтүстік Қазақстан облысында. Астанадағы екінші зауыт болғалы тұр. Мұндай жоба Қостанай мен Ақмола облысында да жалғасады», – деді Айдарбек Сапаров.
Министр тараптар арасында 2018 жылдан бері 23 инвест жоба барын, солардың 18-і іске қосылғанын атап өтті. Бесеуі іске асу барысында. Соның бірі осы Астанадағы зауыт.
Бұған дейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада түрік кәсіпкерлерімен кездескен.