Шымкентте құны 120 млн доллар болатын жылыжай салынады

Президенттің Түркия Республикасына ресми сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Sine Midas Stroy компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ахмет Буданмен келіссөз жүргізді.
Тараптар кездесуде Шымкент қаласында заманауи өнеркәсіптік жылыжай салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылаған.
Ахмет Буданның айтуынша, Sine Midas Stroy компаниясы поляктың Fabe Agro компаниясымен бірлесіп, жалпы құны 120 млн доллар болатын агроөнеркәсіптік жобаны іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Жылыжай кешенінің жоспарланған өндірістік қуаттылығы жылына 36 мың тонна қызанақ болады.
«Қазақстан аграрлық секторға жоғары технологиялық инвестициялар тартуға мүдделі. Өз тарапымыздан экспортқа бағытталған жылыжай саласын қалыптастыруға арналған жобаны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
АШМ қазіргі уақытта жобаны іске асыру шарттарын, инвестиция көлемін және тараптардың міндеттемелерін айқындайтын Инвестициялар туралы келісім жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар келісімді жеделдетіп қол қоюға және жобаны жақын арада практикалық тұрғыда іске асыруға дайын екендігін растаған.
Бұған дейін, Түрік кәсіпкерлері Астанаға 160 миллиард теңгеге бидайды терең өңдейтін зауыт салатыны белгілі болды.