Аустралия енді жасөспірімдерге YouTube-ті қолдануға шектеу қояды

Аустралия YouTube-ті әлеуметтік желі ретінде танып, оны жасөспірімдер үшін шектегелі жатыр, деп жазады Reuters.
Бұл шешім сауалнама барысында кәмелетке толмағандардың 37%-ы платформадан зиянды контент көргенін айтқаннан кейін қабылданбақ.
«Әлеуметтік желілер – әлеуметтік жауапкершілікке ие. Онлайн платформалар аустралиялық балаларға кері әсерін тигізіп жатқанына еш күмән жоқ, сондықтан мен бұл шараны қолға алатын кез келді деп есептеймін», – деді премьер-министр Энтони Альбанезе.
Шешім желтоқсанда күшіне енетін тыйымның аясын кеңейтеді. YouTube мәліметінше, платформаны Аустралияда 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен екісінен көбі пайдаланады. Алайда компания YouTube-ті әлеуметтік желі емес, бейнежүктеу платформасы деп санайды.
«Біздің ұстанымымыз айқын: YouTube – тегін, сапалы бейнелердің кітапханасы бар бейнеалмасу платформасы. Ол қазір көбінесе теледидар экраны арқылы көріледі. Бұл әлеуметтік желі емес», – дейді YouTube өкілі электрондық пошта арқылы.
Өткен жылы үкімет YouTube-ті мұғалімдер арасында кең таралғаны үшін шектеуден босатуға уәде бергенде, Meta компаниясының Facebook пен Instagram, сондай-ақ Snapchat және TikTok платформалары наразылық танытқан еді.
Олар YouTube-тің өз платформаларымен маңызды ұқсастығын айтқан, атап айтқанда, қолданушылардың өзара қатынасы және алгоритм арқылы контент ұсыну мүмкіндігін алға тартқан.
Аустралия әлеуметті желілердің жасөспірімдерге әсеріне өте қатаң қарай ел. 2024 жылғы қарашада елде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салатын заң қабылданды. Заң тек бір жылдан соң күшіне енеді. Шектеу енгізілетін платформалар қатарына ойын сайттары мен мессенджерлер, сондай-ақ тіркелуді қажет етпейтін қосымшалар кірмейді. Оның қатарында YouTube те болған еді.