«ҚазМұнайГаз» 6 айда 13 млн тонна мұнай мен газ өндірген

2025 жылдың 6 айында «ҚазМұнайГаз» мұнай және газ конденсаты өндірісін 8,8%-ға арттырып, 13,04 млн тоннаға жеткізді. Табиғи және ілеспе газ өндірісі 18,3%-ға өсіп, 5,73 млрд текше метрге жетті. Мұнай өңдеу көлемі 16,5%-ға ұлғайып, 10,38 млн тоннаны құраған. Мұнай және газ өндіру көлемі, өңдеу қуаты мен полипропилен өндірісі артса, жалпы тасымалдау көлемі сәл төмендеген.
Негізінене ірі жобалар өсім байқатқан. Атап айтқанда, Теңіз кен орнындағы мұнай өндіріс көлемі 35,5%-ға артып, 3,89 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш үшінші буын зауытының іске қосылуының нәтижесі. Қарашығанақта өндіріс 4,6%-ға артып, 573 мың тоннаны құрады. Ал Қашағандағы өндіріс 1,4%-ға азайып, 1,52 млн тонна болды. Бұған мұнай құрамындағы газ үлесінің артуы себеп болған.
Мұнай тасымалы көрсеткіші қандай
Жалпы мұнай тасымалы көлемі 0,3%-ға азайып, 41,62 млн тоннаны құрады. Магистральдық құбырлар арқылы тасымал көлемі керісінше 2,6%-ға өсіп, 36,03 млн тоннаға жетті. Бұл өсім Теңіз кен орнынан Каспий құбыр консорциумы жүйесіне жеткізілетін мұнай көлемінің ұлғаюымен және қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілімнің артуымен байланысты.
Ал теңіз арқылы тасымалдау көлемі 15,6%-ға төмендеп, 5,58 млн тоннаны құрады. Каспий теңізіндегі тасымал 10,6%-ға азайды. Бұған Taraz және Liva танкерлерінің ақпан-сәуір айларында жоспарлы жөндеуге шығуы және үшінші тарап жіберушілерінің мұнай көлемінің қысқаруы әсер етті. Ашық теңіздердегі тасымал көлемі 16,6%-ға қысқарды.
Қанша мұнай өңделді
Мұнайды өңдеу көлемі 16,5%-ға өсіп, 10,38 млн тоннаға жетті. Қазақстандағы зауыттарда өңделген көлем 7,4 млн тонна болып, 5%-дық өсім көрсетті. Бұл – Павлодар және Шымкент зауыттарындағы өңдеу көлемінің артуы және 2024 жылғыдай ауқымды жөндеу жұмыстарының болмауымен байланысты. Caspi Bitum зауытындағы өңдеу көлемі керісінше азайды, себебі зауытта қуаттылықты 1,5 млн тоннаға дейін арттыру үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
Румыниядағы (Petromidia және Vega) зауыттарда өңдеу көлемі 60,7%-ға артып, 2,97 млн тоннаны құрады. Бұл өсім алдыңғы жылдың алғашқы тоқсанында орын алған техникалық шектеулердің жойылуымен түсіндіріледі.
Мұнай өнімдері өндірісі
Қазақстан және Румыниядағы зауыттарда мұнай өнімдері өндірісі 16,9%-ға өсіп, 9,69 млн тоннаны құрады. Оның ішінде:
- Жанармай өндірісі – 22,4%-ға (3,02 млн тонна),
- Дизель отыны – 22,6%-ға (3,69 млн тонна),
- Басқа өнімдер – 6%-ға (2,97 млн тонна) артты.
Қазақстанда өндірілген мұнай өнімдерінің көтерме сауда көлемі 9,1%-ға өсіп, 2,94 млн тоннаны құрады. Бұл өсім, негізінен, бензин және дизельге сұраныстың артуымен байланысты