Интервенция деген не: Ұлттық банк валюта саудасына неге араласты

Жарияланды 31 Шілде 2025 11:50

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Ұлттық банк валюта нарығында интервенция жүргізе бастады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Ұлттық банк валюта нарығында интервенция жүргізе бастады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бір күн бұрын, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 550 теңгеден асқан уақытта, Ұлттық банк (ҰБ) саудаға араласты, яғни интервенция жүргізе бастады. Интервенция дегеніміз не? ҰБ-ның мұндай әрекетке баруына не себеп? Kursiv.Media түсіндіреді.

30 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта саудасында 443,8 млн долларға қаржы операциясы жасалды. Бұл одан бір күн бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. ҰБ теңгенің құнсыздануын тежеу үшін қыруар ақша жұмсады. Қаржы тілімен айтқанда, Қазақстанның валюта нарығында интервенция жасалды.

Девальвация және интервенция

Интервенция – Ұлттық банктің валюта нарығында теңге бағамын тұрақтандыру немесе реттеу мақсатында шетел валютасын сатып алу немесе сату операциялары. Ол ұлттық валютаның құнсыздануын немесе қымбаттауын болдырмау мақсатында жасалады. Валютаның құнсыздануы – девальвация, қымбаттауы – ревальвация. Бұған қоса, мемлекеттің орталық банкі мұндай әдісті экономиканы тұрақты ұстап тұру үшін де қолдана алады.

Шілденің аяғында республиканың валюта нарығындағы өзгерісті мысалға алсақ, ҰБ девальвацияны, яғни теңгенің қатты құнсыздануын тежеу мақсатында интервенция жасауға мәжбүр болды. Орталық банк нарыққа араласпаса, оның соңы девальвацияға ұласып кетуі мүмкін.

Интервенцияның екі түрі бар:

  • Тікелей интервенция – ҰБ валюта нарығында шетел валютасын (мысалы, АҚШ долларын) сатып алады немесе сатады. Мәселен, теңге бағамы күрт төмендеп кетсе, ҰБ доллар сатады. Керісінше, теңге сатып алу арқылы бағамды тұрақтандырады.
  • Жанама интервенция – ҰБ пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту немесе басқа да ақша-несие саясатын қолдану арқылы бағамға әсер етеді.

Шілде айындағы жағдайға оралсақ, орталық банк нарыққа долларды көптеп сатты, яғни ұлттық валютаға сұранысты қолдан арттырды. Саудада доллар көбейіп, теңгеге сұраныс артқан сайын, ұлттық валютаның құны өсе түседі. Соның арқасында сәрсенбіде 550-ге көтерілген доллардың құны 5-6 теңгеге төмендеді. Бірақ ол үшін қыруар ақша жұмсауға тура келді.

Ұлттық банктің интервенция жүргізуіне не себеп

Қазақстанда қаржы нарығын қадағалаушы басты мекеме – ҰБ интервенцияны мынадай жағдайларда жүргізе алады:

  • Валюта бағамының күрт құбылуы: теңге бағамы қатты өсіп немесе төмендеп кетсе, экономикаға зияны тимес үшін интервенция жасалады;
  • Экономикадағы дағдарыс: халықаралық нарықтағы шикізат (мысалы, мұнай) бағасының күрт құбылуы теңге бағамына әсер етеді. Себебі Қазақстан экономикасы мұнай экспортына ішінара тәуелді;
  • Спекулятивті шабуылдар: валюта нарығындағы спекуляциялар бағаны тұрақсыздандырып жіберсе, орталық банк саудаға араласады;
  • Экспорт пен импортты қолдау: теңгенің тым қымбаттауы экспортты қиындатса, ал құнсыздануы импортты қымбаттатып жіберсе, ҰБ бағамды теңестіру үшін интервенция жасай алады.

30 шілдеде Ұлттық банк валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуы және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты интервенция жүргізе бастағанын мәлімдеген.

Бұған дейінгі интервенциялар

ҰБ мұндай әдіске жиі жүгінбейді, бірақ ара-тұра валюта саудасына араласып тұрады. Мәселен, 2022 жылы әлемде геосаяси дағдарыс күшейіп, Ресей мен Украина арасында соғыс басталған уақытта, Ұлттық банк интервенция жасау арқылы бағамды тұрақтандыруға тырысқан. Сол кезде банк доллар сатып, теңгенің құнсыздануын тежеген.

2015 жылы, теңге бағамы еркін айналымға көшкен уақытта да, ҰБ теңгенің құнсыздануын болдырмау үшін интервенция жүргізген. Ол кезде де орталық банк нарыққа долларды көптеп сатып, теңге бағамын ұстап тұруға талпынған.

Ұлттық Банк интервенция әдісін әдетте теңге бағамының күрт құбылуын болдырмау, экономиканы тұрақты ұстау үшін қолданады. Ол көбіне нарықтағы жағдайға, мұнай бағасына және сыртқы экономикалық факторларға байланысты жүзеге асырылады.

Ескере кететін тағы бір жайт, интервенция Қазақстан экономикасы үшін қымбатқа түседі. Соған байланысты мұндай әдіс ұзақ мерзімді шешім ретінде сирек қолданылады. Өйткені үкімет он жылдан бері еркін бағам саясатын ұстанады.

Сондай-ақ оқыңыз