Қазақстанда жылына 7 мыңға дейін, кейде 10 мыңнан астам жер сілкінісі болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Cейсмикалық орталық Қазақстанда болған жер сілкінісі мен өзге елдердегі зілзалалардың өзара байланысы туралы да пікір білдірді / фото: pixabay.com
Cейсмикалық орталық Қазақстанда болған жер сілкінісі мен өзге елдердегі зілзалалардың өзара байланысы туралы да пікір білдірді / фото: pixabay.com

Қазақстанда және шекаралас жатқан аумақтарда жылына 7 мыңға дейін, кей жылдары 10 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеледі.

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы Kursiv.Media сауалдарына берген жауабында осындай дерек келтірді.

Сейсмикалық белсенділік қалыпты жағдай ма?

Алайда 10 мыңнан аса тербелістерді адам сезе бермейді.

«Оның басым бөлігі өте әлсіз. Тек арнайы құрылғылар ғана тіркейтін жер сілкіністері. Еліміздің сейсмикалық қауіпті аймақтарындағы белсенділік қалыпты жағдайда. Сондықтан жиіледі деген тұжырыммен келіспейміз», – дейді орталық.

Бірақ соңғы кездері еліміздің көп аймағында оқтын-оқтын жер сілкініп жатыр. Соңғы рет Шығыс Қазақстан облысы мен Талдықорған тербелді.

Қауіпті аймақтар қайда орналасқан?

Ғылыми орталықтың дерегінше, еліміздің шамамен үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сейсмикалық қауіптілігі жағынан Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда тұр.

Еліміздің оңтүстігінде биыл бірнеше жер сілкінісі болды. Бұл Солтүстік Қырғыз сейсмогендік аймағында орналасқан. Қырғызстанмен шекарада орналасқан ірі сейсмикалық белсенді аймақ осылай аталады. Оның потенциалдық максималды магнитудасы – 5,5.

1962 жылдан бергі бақылау деректері бар

Қазақстанның Қытаймен және Қырғызстанмен шекарасында бірнеше ірі сейсмикалық белсенді аймақтар бар. Оның көпшілігі – елдімекендер аз орналасқан таулы аймақтарда.

«1962-2025 жылдардағы сейсмологиялық бақылау деректері бойынша сейсмикалық белсенділік ұзақ мерзімді норма шегінде, яғни аймақтың сейсмикалық режимі қалыпты», – деп тұжырымдайды орталық.

Шығыс Қазақстанда неге жер сілкінді?

Шығыс Қазақстан облысы да тарихи тұрғыдан сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақтарға жатады екен. Шілденің 23-і күні жер сілкінісі болған аймақ – Солтүстік Зайсан сейсмогендік аймағында орналасқан.

«Оның потенциалдық максималды магнитудасы – 6,0-6,5. Бұл аймақта тұрақты түрде әртүрлі магнитудалы жер асты дүмпулері байқалады. Ол аспаптық бақылаулармен де, тарихи сейсмологиялық талдаулармен де расталады. Сондықтан тіркелген жерсілкінісі бұл аумақ үшін қалыпты жағдай», – деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.

Әлемдегі жойқын зілзалармен ортақ байланыс бар ма?

Соңғы кездері әлемде Түркия мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде жойқын зілзала болды. Камчаткадағы жер сілкінісі Жапония, Қытай, АҚШ және Чили секілді Тынық мұхитының жағалауындағы елдерді де әбігерге түсірді. Ірі цунами пайда болып, елдімекендерді шайып жатыр.

Сейсмология орталығы нақты ғылыми деректер болмағандықтан, Қазақстандағы және өзге елдердегі оқиғалардың өзара байланысы бар-жоғы туралы пікір білдіруден бас тартты.  Десе де, әлемнің басқа елдерінде болып жатқан зілзалар сол елдер орналасқан тектоникалық плиталардың қозғалысы және басқа да факторларға байланысты екенін алға тартып отыр.   

«Бүгінгі таңда жерсілкінісінің уақытын, орнын және күшін дәл болжауға мүмкіндік беретін ғылыми дәлелденген әдістер жоқ екенін атап өткен жөн», – деп тұжырымдайды сейсмикалық орталық.

Сондай-ақ оқыңыз