2024 жылы ел экономикасы 5 пайыз өсім көрсеткен

Ел экономикасының былтырғы өсіміне қатысты деректер қайта қаралды. 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 5 пайызға өскен. Бұған дейін көрсетккіш 4,8 болған. Жаңалаған деректі Ұлттық статистика бюросы ұсынды.
Экономиканың өсуіне негізінен мұнайға қатысы жоқ салалар әсер еткен. Тауар өндірісі 6,3%-ға артса, қызмет көрсету саласы 4,6%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 6,8%-ға өсіп, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды.
Сондай-ақ құрылыс салу 15,3%-ға (бұрын – 13,1%), ауыл шаруашылығы 13,7%-ға (бұрын – 13,3%) артты. Ішкі сауда көлемі 8,9%-ға, көлік және қоймалау қызметі 9,4%-ға өсті.
Мұндай нәтижеге нақты секторды қолдау, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, инвестицияны ынталандыру және қаржы құралдарына қолжетімділікті арттыру сияқты шаралар себеп болды.
Нәтижесінде, экономика тұрақты дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 12,4%-ға жетіп, бұл тау-кен өнеркәсібінен (12%) де асып түсті.
Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында 6,2%-ға жетті. Бұл кейінгі 14 жылдағы алғашқы өсім.