АҚШ Ресейге жақын аймақтарға ядролық қаруы бар сүңгуір қайықтар жіберді

АҚШ Ресейге жақын аймақтарға ядролық қаруы бар сүңгуір қайықтар жіберді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
CNN ақпаратына қарағанда, Президент Дональд Трамп жұма күні ядролық қақтығысты ушықтыруға қатысты ескерту жасады. Ресейдің бұрынғы президенті әрі Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің агрессивті мәлімдемелеріне жауап берген.
Ақ үй қожайыны Ресейге жақын стратегиялық маңызы бар аймақтарға екі атомдық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырғанын мәлімдеді.
«Бұл ақымақтық. Арандатушы мәлімдемелер одан да қауіпті бірдеңеге айналып кететін болса, тиісті аймақтарға екі атомдық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырдым. Сөз – өте маңызды. Олар кейде күтпеген салдарға алып келуі мүмкін. Бұл жолы олай болмайды деп үміттенемін. Бұл мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рахмет!» — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Кейін бұл сұраққа қатысты журналистерге берген жауабында ол бұл әрекетті «дайындық» деп атады.
«Ол (Медведев) ядролық қару туралы айтты, – деді Трамп. – Ядролық қару туралы сөз болғанда, біз дайын болуымыз керек. Және біз толық дайынбыз».
Ал НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ресейден қорғану үшін әуе және зымыранға қарсы қорғанысын 400%-ға арттыруға шақырған еді.