Тоқаев Алматының тау бөктерінде тұрғын үй салуға мараторий енгізуді тапсырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Алматы әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, шаһардың жоғарғы жағында көппәтерлі тұрғын үй салу және аумақты тарылтатын құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырды.

Бұл тыйым әлеуметтік нысандар мен туристік кластер жобаларына қатысты емес. Бірақ олар қаланың Бас жоспарына енуі тиіс.

Тоқаев сондай-ақ Алматының Бас жоспарына шұғыл өзгеріс енгізуді міндеттеді. Бұл өзгерістер ең алдымен табиғи ортаны қорғау, қаланың жүйелі әрі теңгерімді дамуы және тау бөктеріндегі бақылаусыз құрылысқа жол бермеуге бағытталуы керек.

Кездесу барысында Дархан Сатыбалды қаладағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қысқамерзімді экономикалық индикатор 11 пайызға өскен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,4 пайызға артты.

Әкім қаланың полицентристік даму үлгісіне көшкенін атап өтті. Бұл үлгі қаланың орталық бөлігіне түсетін жүктемені азайтуға, барлық аудандарға инфрақұрылымды тең бөлуге, сондай-ақ қалада жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, аудандар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін және қоғамдық көлік жұмысын жақсартатын жаңа көлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек Алматыдағы заңсыз құрылыс мәселесін Мәжіліске жеткізетінін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз