Қызыл апта: әлемдік қор нарықтары күйреп, инвестор сенімі шайқалды

АҚШ: S&P 500 күрт төмендеді
Апта бойы америкалық нарықта сенімсіздік өсті. S&P 500 индексі 2,07%-ға құлдырап, 6 238,00 пунктке түсті. Апта басында өсім күтілгенімен, жағдай тез өзгерді:
- ФРЖ (Федералдық резерв жүйесі) қайтадан негізгі мөлшерлемені 4,5% деңгейінде қалдырды – бұл бесінші мәрте.
- Джером Пауэллдің қатаң риторикасы нарыққа кері әсер етті.
- Трамп Үндістан мен Бразилияға кедендік тарифтер енгізіп, BRICS елдеріне қысым жасады.
- АҚШ пен Қытай келіссөзі нәтижесіз аяқталды, әсіресе Қытайдың ресейлік мұнай сатып алудан бас тартпауына байланысты.
- Алдағы уақытта ФРЖ төрағасының ауысуы мүмкін деген саяси белгісіздік те инвесторларды алаңдатуда.
Dow Jones – 2,61% төмендеді.
Қытай: Қаржылық шиеленіс
Hang Seng индексі – 4,01%, Shanghai – 1,23% төмендеді. Бұл Вашингтон мен Бейжің арасындағы келіссөздің тығырыққа тірелуінен болды. Сонымен қатар, ішкі сұраныстың әлсіздігі мен экспорттың төмендеуі де әсер етуде.
Ресей: Сыртқы қысымдар күшейді
МосБиржа – 2,84%-ға төмендеді. Бұл санкциялық қысым мен халықаралық саяси ахуалдың әсері.
Ұлыбритания: FTSE 100 –0,76%
Сақтық пен АҚШ нарығындағы қысым Еуропаға да әсер етті. FTSE индексі әлсіреуде.

Қазақстан: Жағдай тұрақты, бірақ әлсіз
KASE индексі – 1,19%-ға төмендеді. «ҚазМұнайГаз» (-2,05%), Kaspi.kz (-2,99%), KEGOC (-0,01%) сияқты ірі компаниялардың акциялары арзандады. Тек Freedom Holding (+6,80%) және KZTK (+2,74%) оң серпін көрсетті.
Мұнай: 69,13 доллар (+0,81%)
Техникалық түрде, Brent мұнайы қысқа мерзімді түзетуден кейін 71-73 доллар аралығында саудалануы мүмкін. Егер осы деңгей бұзылса, келесі мақсат 81-83 доллар. Ал егер ұстай алмаса, 61-63 диапазонына түсу қаупі бар.
Bitcoin: -3,64%
Биткойн бағасы осы аптада 113 640,01 доллар деңгейіне дейін төмендеді. Жаһандық тәуекелдер мен реттеушілердің қысымы цифрлық активтерге де әсер етуде.
Алтын: 3 359,5 доллар (+1,13%)
Алтын бағасы тұрақты. 3230-3450 доллар деңгейінде жазғы «боковик» жалғасуда. Қауіптер артқан сайын инвесторлар алтынға қайта бет бұруда.
USD/KZT: Теңге әлсіреді
Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы аптаның басында 542,50 теңге болса, аптаның соңында 542,66 теңге болды (+0,43%). Апта ішінде максимум 543,52 теңгеге дейін жетті. 30 шілде күні Ұлттық банк валюта нарығында теңгенің құнсыздануын тоқтатуы мақсатында, валюта нарығына араласып, 125,6 млн доллар интервенция жасады.
Техникалық баға: S&P 500 бұрылыс шегінде
Индекс 6450 пункт деңгейінде «экстремалды таргетке» жетіп, кері бұрылды. Егер жағдай тұрақталмаса, бұл аймақтағы техникалық белгілер қысымның жалғасатынын көрсетеді.
Алдағы күтулер:
- NFP (Nonfarm Payrolls) есебі шешуші рөл атқарады. Егер жұмыссыздық жоғарыласа және жаңа жұмыс орындары азайса, ФРЖ қыркүйекте мөлшерлемені төмендетуі мүмкін.
- Бірақ қазіргі жағдайға қарап, бұл ықтималдылық 64,5%-дан 41,3%-ға дейін құлдырады.
Апта қызыл түспен жабылды. Әлемдік нарықтар геосаяси және монетарлық факторлардан қысым көріп тұр. АҚШ-тағы белгісіздік пен ФРЖ-ге қатысты саяси шиеленіс, Қытаймен сауда соғысының қайта өршуі – барлығы инвесторлардың тәуекелге бейімділігін төмендетті. Қазақстан нарығы да осы толқынмен бірге әлсіреді.