Жатақханадан орын таба алмаған студенттер жүгіне алатын орталық ашылды

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп Ахуалдық орталық ашты.
Орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында Бөгенбай батыр көшесі 142 мекенжайында орналасқан.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, орталық жатақханадан орын таба алмаған студенттерге көмектеседі
«Әр жоғары оқу орнының жанынан арнайы цифрлық платформа құрылды. Ол отандық жоғары оқу орындарының 80%-ында бар. Айта кетейік, Нархоз және Satbayev University-де студент жатақханадан бөлмені, орынды өзі таңдайды. Ал жатақханадан орын ала алмаған студенттер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылған Ахуалдық орталықтың көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ Алматыда бос орын таба алмай қиын жағдайға тап болған студенттерге университеттермен бірлесе төтенше жағдайға арналған 55 арнайы бөлме дайындадық», – деді министр.
Министрдің сөзінше, жатақхана мәселесін шешу үшін елде арнайы нормативтік субсидиялар ұлғайтылған. Соңғы 5 жылда жекеменшік мердігерлер мен компанияларды тартып, 400-ден астам жатақхана салынған.
Жатақхана мәселесі бірер күнде грант конкурсының нәтижесі шыққаннан кейін өзекті бола түседі. Ал грант иегерлерінің тізімін бірнеше ресурстан көруге болады.