Іле-Алатау ұлттық паркінде қауіпсіздік пен инфрақұрылым қалай дамып жатыр

Алматылықтар мен қала қонақтары үшін тауға шығу – сүйікті демалыс түрлерінің бірі. Алайда соңғы бес жыл ішінде тек Алматы маңындағы тауларында 260-тан астам құтқару операциясы жүргізілген. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Алматыда бірнеше жылдан бері Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі танымал тау бағыттарын абаттандыру жұмыстары қолға алынып жатыр.
Жаңа соқпақтар мен аспалы көпір
2025 жылы осы бастаманың үшінші кезеңі басталды. Соның аясында Проходное шатқалынан Терра алаңқайына және Алёшкин көпіріне дейінгі бағыт жаңартылып жатыр. Бұл бағыт Іле-Алатау ұлттық паркінің жаяу серуендеушілер арасында бұрыннан танымал аймағында орналасқан. Жаңа соқпақ Космостанцияға дейін жалғасады. Ол теңіз деңгейінен 3330 метр биіктікте орналасқан.
Бағыттың ұзындығы – 13,5 шақырым, биіктік айырмашылығы – шамамен 1580 метр. Жаңарту жұмыстарының маңызды нүктесіне айналған Алёшкин көпірі – елдегі ең биік аспалы көпірлердің бірі. Ұзындығы – 50 метр, биіктігі – 3000 метрден асады.
Бағыт бойында жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында экологиялық дәретханалар, демалуға арналған ағаш беседкалар, орындықтар, сақтандыру жіптері, бағыттаушы белгілер мен карталар орнатылған. Бұл табиғатты сақтау мен туризмді дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Жобаның нәтижелері
2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бұл бастама арқылы Іле Алатау ұлттық паркінің аумағында жалпы ұзындығы 27 шақырым болатын бес түрлі тау соқпағы жаңартылды. Қазірге дейін 10 беседка, 56 орындық, 600 метрлік қауіпсіздік жолағы, 30-ға жуық ақпараттық карта мен бағыттаушы белгі орнатылған. Осы жылдар ішінде жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 1 млн АҚШ долларына жуықтаған.
Абаттандырылған бағыттар қатарында:
- Акбулак – Көк-Жайлау – Үш ағайынды жартасы – Құмбел,
- Қазаќ шатқалы – Көк-Жайлау,
- Каменское платосы – Көк-Жайлау – Батарейка сарқырамасы,
- Медеу – Фурманов шыңы – Панорама шыңы бар.
Келер жылдарға жоспар
2025–2028 жылдары тағы бірнеше бағытта жаңарту жұмыстары жалғасады. 2026 жылы Бутаков шатқалындағы 17 шақырымдық төрт соқпақ, ал 2027 жылы «Жапон жолы – экопост» бағыты (11 км) жаңғыртылады. Барлық бағыттарда навигация, демалыс орындары және қауіпсіз қозғалыс элементтері қарастырылады. Келер кезеңдерге жоспарланған инвестиция көлемі – 335 млн теңгеден асады.
Цифрлық қауіпсіздік жүйесі
Таудағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында Іле-Алатау ұлттық паркі BI Group-пен бірлесіп арнайы цифрлық жүйе де әзірлеп жатыр. Ол GPS-карталар, онлайн тіркелу және бағыттармен танысу, ТЖМ-ге автоматты хабарлама жіберу, қауіпсіз қозғалыс бойынша кеңестер сынды мүмкіндіктерді қамтиды. Бұл жүйе Алматы қаласы әкімдігінің балансына берілмек. Жобаға 100 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Жобаны іске асыруға тек мамандар ғана емес, ондаған еріктілер мен қала тұрғындары да жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары мен ақпараттық тақталарды орнатуға 150-ден астам адам қатысқан.