Инфляция баяулады: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда шілде айында жылдық инфляция 11,8% деңгейінде сақталды. Осы орайда Halyk Finance сарапшылары Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін 16,5% деңгейінде ұстауы мүмкін деген болжам жасайды.

2025 жылғы шілдеде Қазақстандағы инфляциялық үдерістер біртіндеп баяулап келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, тұтыну бағаларының өсімі маусыммен салыстырғанда 0,7%-ға төмендеді.

Инфляцияның тежелуіне, ең алдымен, ақылы қызметтер секторындағы бағаның баяу өсуі ықпал еткен. Шілдеде бұл санат бойынша баға өсімі 0,5% болды. Бұл – маусымдағы 0,8%-ға және бірінші тоқсандағы жоғары көрсеткіштерге қарағанда төмен деңгей. Halyk Finance талдаушысы Арсен Сариевтың пікірінше, бұл коммуналдық қызметтер тарифтерін қайта қарау әсерінің азаюымен тікелей байланысты.

Дегенмен азық-түлік инфляциясы жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл сегмент шілдеде 0,7% айлық өсім көрсетті (маусымда – 0,9%). Ал жылдық көрсеткіш 11,2%-ға жетті. Сарапшылар бұл жағдайды Ресейден келетін азық-түлік импорты бағасының жоғары болуы және логистикалық шығынның сақталуымен түсіндіреді.

Сыртқы факторлар, әсіресе сауда серіктес елдерден келетін баға қысымы және ішкі шығындарды тұтынушыға көшіру әсері сақталып отырғандықтан, сарапшылар Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін 16,5% деңгейінде ұстап тұрады деген болжам жасап отыр.

Ұлттық банк 11 шілдедегі шешімінде базалық мөлшерлемені үшінші рет 16,5% деңгейінде қалдырған. Бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов те негізі көрсеткіш жыл соңына дейін өзгермеуі мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз