Қазақстан Хорватия арқылы Мажарстанға 85 мың тонна мұнай жөнелтті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

Қазақстан Хорватия арқылы Мажарстанға 85 мың тонна алғашқы мұнай партиясын экспорттады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясы хабарлады.

Мұнай Новороссийск портынан Хорватияның Омишаль портына дейін «Қазақтеңізкөлікфлотының» «Alatau» танкерімен тасымалданған. Ал бұл порттан шикізат Мажарстанның Сазхаломбатта мұнай өңдеу зауытына дейін Адрия мұнай құбыры арқылы жеткізіледі. Бұл мұнай құбырын Хорватияның Jadranski naftovod компаниясы (JANAF) басқарады.

ҚМГ хабарлауынша, Танкер Хорватияға келгеннен кейін ҚМГ, MOL Group және JANAF өкілдерінің кездесуі өткен. Тараптар алдағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Келіссөз нәтижесінде ҚМГ мен MOL Group арасында мұнай жеткізу мәселелеріне қатысты Негіздемелік келісімге қол қойылды.

Бұл бастама Қазақстанға ҚМГ мұнайы экспортының географиясын ЕуроОдақ нарығында едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

«ҚазМұнайГаз» биыл 6 айда 13 млн тонна мұнай мен газ өндірген.

Сондай-ақ оқыңыз