Сорбұлақта жоғалған тікұшақты 11 тәулік бойы іздестіріп жатыр

4 шілде күні Алматы маңындағы Сорбұлақ су қоймасында тікұшақтың жоғалып кеткеніне 11 тәулік болды. Осы уақыт ішінде іздеу-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Құтқару операциясына 330-дан астам маман, 59 арнайы автокөлік, 23 жүзу құралы, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар, авиация және кинологиялық топтар жұмылдырылған.
Іздестіру жұмыстары Қорғаныс министрлігінің мамандарымен қатар, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің, басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаментінің білікті сарапшылары енгізілген. Комиссия мүшелері екі бағытта жұмыс істеуде: бір бөлігі іздестіру операциясына қатысса, қалғаны апаттың нақты себептерін анықтауға арналған техникалық тергеумен айналысуда.
Іздестіру жұмыстары күрделі табиғи жағдайларда өтіп жатыр. Көл түбінің күрт тереңдеуі, су астындағы көріну деңгейінің нөлге тең болуы және ауа райының құбылмалылығы іздеу барысын қиындатып отыр. Соған қарамастан, жұмыстар тәулік бойы жалғасуда.
Өтуі қиын аумақтарға әуеден шолу жүргізіліп, жағалау маңы мен көлдің су беті тексеріліп жатыр. Су асты және жерүсті іздеулеріне арнайы жабдықпен жабдықталған ғылыми-техникалық ұйымдар тартылды. Сонымен қатар, комиссия тікұшақтың ұшу алдындағы техникалық құжаттарын, құқық қорғау органдары мен авиация қызметтерінің мәліметтерін, ұшу бағыты кезіндегі метеорологиялық және орнитологиялық жағдайларды, өзге де ықтимал факторларды зерделеп жатыр, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов.
Іздестіру жұмыстары тікұшақ экипажының тағдыры анықталып, қайғылы оқиғаға не себеп болғаны белгілі болғанға дейін жалғасады.
Бұған дейін Экипаж мүшелерінің заттары су бетіне шыққан еді.