Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға келді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев БҰҰ конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға келді / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің үшінші БҰҰ конференциясына қатысу үшін «Аваза» конгресс-орталығына келді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымұхамедов салтанатты түрде қарсы алды. Осы жерде делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Форум жұмысына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен бірқатар елдердің жоғары деңгейдегі өкілдері қатысуда. Конференцияның басты мақсаты – теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің жаһандық экономикаға ықпалын арттырып, олардың даму жолдарын айқындау.

Президент Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың үдемелі дамып келе жатқанын және оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті.

Құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич, сізді қасиетті түрікмен жерінде, бауырлас Түрікменстанда қайта көргеніме қуаныштымын. Сіздің шақыруыңызды ризашылықпен қабылдадым. БҰҰ Бас хатшысының жеке қатысуымен өтіп жатқан осындай маңызды форумның өткізілуі – Түрікменстанның соңғы 30 жыл бойы жүргізіп келе жатқан оң бейтараптық саясатының жоғары халықаралық беделінің дәлелі. Қазақстан бұл саясатты толығымен қолдайды, – деді Президент Тоқаев.

Өз кезегінде Гурбангулы Бердымұхамедов қазақ-түрікмен қатынастарының ерекше сипатын жоғары бағалады.

Тараптар екі ел халықтарының достығы мен тату көршілік қатынастарын одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен барды. 2025 жылғы 5–8 тамыз аралығында Аваза қаласында (Түрікменстан) теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің үшінші БҰҰ конференциясы (LLDC3) өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөздер жүргізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз