LRT-ға темір жол саласында тәжірибесі бар машинистер іздеп жатыр

«City Transportation Systems» ЖШС Астана қаласындағы жеңіл рельсті көлік желісінде жұмыс істейтін пойыз операторларына (машинист) қосымша қабылдау басталғанын хабарлады.
Машинистердің негізгі міндеті:
- жолаушылардың қауіпсіздігін және пойыздың техникалық жағдайын, барлық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қадағалау;
- автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын үздіксіз бақылау, ақауларды анықтау және жою;
- вагондардың электрлі жылытуды/желдетуді сақтау, жолаушыларды отырғызып/түсіру тәртібін реттеу, жылжымалы құрамның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша басқа да жұмыстарды атқару.
Жұмыс жағдайы:
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ресми жұмысқа орналасу;
- жұмыс берушінің есебінен біліктілікті арттыру/оқыту.
Оқу нәтижесі бойынша LRT басқаруға арналған халықаралық үлгідегі сертификат беріледі. Оқу Астана қаласында жүргізіледі. Мерзімі – 8 ай.
Бағдарлама мамандандырылған компанияларды жұмысқа тартпай, жеңіл рельсті көлікті пайдалану, ағымдағы және күрделі қызмет көрсету үшін білікті мамандарды даярлауды мақсат етеді.
Үміткерлерге қойылатын талап:
- темір жол көлігі саласындағы жоғары білім;
- жұмыс тәжірибесі локомотив машинисі лауазымында кемінде 3 жыл/локомотив машинисі көмекшісі ретінде кемінде 5 жыл.
- Ауысымдық кестемен жұмыс істеуге дайын болу.
Түйіндеме CTS ресми сайты арқылы қабылданады.
Қазіргі уақытта LRT пойыздарының 29 операторы Қытайдың Тяньцзинь қаласында оқып жатыр. Оқу қыркүйек айында сынақ сапарларының басталуына орай аяқталады деп жоспарланған.