Голливудтағыдай: желіде Көк-Төбеге ALMATY жазуын орнату идеясы талқыланып жатыр

Әлеуметтік желілерде Көк-Төбенің баурайына үлкен ALMATY жазуын орнату туралы флешмоб пайда болды. Идеяны танымал HOLLYWOOD жазуына ұқсатқан қолданушылар оны Алматының жаңа туристік нүктесіне айналдыра аламыз деп санайды. Бұл туралы бұрынғы шенеунік Нұр Қанатұлы Facebook парақшасында жазды.
Маған ұнайды, әдемі! Қалада тағы бір танымал локация пайда болады, – деп пікір қалдырды Қанатұлы.
Алайда бұл ұсынысты барлығы бірдей құп көрмеді. Пікір білдірушілердің бір бөлігі Көк-Төбенің бастапқы табиғи келбеті жойылып бара жатқанын айтып, жазу орнату идеясын сәтсіз пародия деп бағалады.
Көк-Төбеде көптен болмап едім. Қонақ апарып едім. Көңіл қалдырды: бұрынғы көркем жота аттракцион паркіне айналып кеткен, мүлдем талғамсыз, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Оның пікірін өзгелері де қолдап, Алматының өзіндік бірегей стилін дамытуды ұсынады. Көпшілік шетелдік үлгілерді көшіруден шаршағанын, керісінше қаланың тарихына, табиғатына, мәдениетіне сай идеялар қажет екенін айтуда.
Бұдан да қаладағы бейберекет құрылысқа қарсы флешмоб керек,
Өзіміздің ерекшелігіміз қайда? Бұл — пародия ғана. Бізге Американы емес, өзіміздің түпнұсқа идеяларымызды дамытқан жөн, – деп жазды желідегілер.
Көк-Төбе – Алматының символына айналған табиғи нүктелердің бірі. Сондықтан мұндай өзгерістер қоғамда әрдайым қызу талқыланатыны анық.