Биыл кімдердің айлығы көтеріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: Kursiv.Media мұрағаты
фото: Kursiv.Media мұрағаты

2025 жылы бюджет қызметкерлері арасында құтқарушылардың, балабақша тәрбиешілерінің және орманшылардың айлығы көтеріледі. Бұл туралы Kazinform еңбек министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар жалақысы 70%-ға өседі. Ал мемлекеттік орман күзеті қызметінде істейтін жұмысшылар айлығы 100%-ға көтеріледі.

Биыл қаңтарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарына 1,3 түзету коэффициенті енгізілген. Соның арқасында балабақша тәрбиешілерінің табысы 30%-ға артады.

Бірнеше өңірдің әкімшілігі айлығы төмен қызметкерлерді қолдау шараларын қолға алып жатыр. Жергілікті бюджет жағдайына қарай, олардың жалақысы 5%-дан 100%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Еңбек вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, елде бюджет қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Айлықты көтеру туралы шешім бюджет пен экономикадағы жағдайды ескере отырып қабылданады.

Шенеуніктің айтуынша, министрлікке бюджет саласындағы жұмысшылардан өтініш көптеп түсіп жүр. Олардың дені айлықтың төмендігіне шағынданады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, кейінгі бірнеше жылда педагогтар мен дәрігерлердің жалақысы екі есе, техникалық қызметкерлер, мұраған жұмысшылары мен кітапханашылар айлығы да шамамен екі есе өскен.

Сондай-ақ оқыңыз