Дональд Трамп ізбасары кім екенін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс / фото: REUTERS/Kent Nishimura
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс / фото: REUTERS/Kent Nishimura

АҚШ президенті Дональд Трамптың пікірінше, 2028 жылғы президент сайлауына қазіргі вице-президент Джей Ди Вэнс түсуі мүмкін. Бұл туралы RBC басылымы жазды.

«Ол туралы әзірге сөз қозғау ерте шығар. Бірақ ол [Вэнс – ред.] жақсы жұмыс істеп жүр. Соған қарағанда, қазір ол алда келе жатқан сияқты», – деп жауап берді Трамп журналистер сауалына.

Осының алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2028 жылғы сайлауға Республикалық партия атынан Вэнс түсуі мүмкін деп мәлімдеген.

Ақ үй қожайынының пікірінше, саяси науқан кезінде Рубио мен Вэнс бірге әрекет етуі әбден мүмкін.

2016 жылы Рубио президент қызметіне таласқа түскен. The Hill басылымының хабарлауынша, саясаткер тағы да бағын сынап көруі мүмкін. Алайда Рубионың өзі Трамп билігі кезінде мемлекет хатшысы қызметінен кеткісі жоқ. Мұндай жағдайда ол 2028 жылғы президент сайлауына түсе алмайды.

2016 жылы Вэнс Трампты сынап, ақымақ деп атап, оны Гитлермен салыстырған. Кейін пікірі өзгеріп, Трамптың орынбасары қызметіне дейін көтерілген.

Сондай-ақ оқыңыз