Шенеунік пен кәсіпкерлер арасындағы дауларда сот кімнің жағында

Қазақстанда инвесторлар мен мемлекет арасындағы сот даулары көбейіп барады. Соңғы 3 жылда бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сот істерінің саны 8 есе көбейген.
Ranking.kz деректеріне сүйенсек, соттар бизнес мүддесіне жиі шешім шығара бастаған. Жалпы елдегі сот тәжірибесінде инвесторлар бастамашы болатын істердің саны артып қана қоймай, олар жиі жеңіске жетіп жүр.
Соттар енді шенеуніктер жағында емес
«Бірнеше жыл бұрын мұндай істердің саны саусақпен санарлық болса, 2024 жылы бірінші инстанциядағы соттарға инвестициялық даулар бойынша 157 әкімшілік талап арыз түсті. Салыстырар болсақ, 2021 жылы бұл небәрі 20 ғана болған. Өсім — 8 есеге жуық», — деп атап өтті портал сарапшылары.
Талап-арыздардың басым бөлігі мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты. Мұндай шағымдардың нәтижесінде сот үнемі бизнестің талабын ескеріп, шешімді солардың пайдасына шешім шығарады.
«2024 жылы судьялар осындай 80 істі қарады, оның 66-сында инвесторлардың пайдасына шешім шығарды. Әрбір екінші іс мемлекеттік органның шешімін жоюмен аяқталды. Ал шенеуніктердің әрекеті дұрыс деген тек 7 жағдай ғана кездеседі», – делінген портал сарапшыларының зерттеуінде.
2025 жылдың алғашқы жартысында жаңа істердің саны күрт азайып кетті. Оған жаңа ережелердің шығуы себеп болды. Енді инвесторларға қатысты әкімшілік іс қозғау үшін прокуратураның рұқсаты қажет. Мәселен қаңтар мен шілде аралығында ведомство қозғалған 1072 істің 121-ін ғана мақұлдаған.
Шағын бизнеске бақылау күшейді
Ірі кәсіп соттың қолдауына ие бола бастаса, шағын және микробизнеске керісінше, бақылау күшейген. 2024 жылы 100 мыңнан астам тексеріс жүргізілсе, оның 66%-ға жуығы шағын компанияларға қатысты болған. Ал ірі бизнесті тексеру керісінше азайған, 2022 жылы 12 мың болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,3 мыңға дейін қысқарған.
Бизнеске заңсыз қысым жиілеп барады
Бизнеске заңсыз қысым да жиі тіркеледі. Мәселен 2024 жылы лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке араласуы туралы бап бойынша 63 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл бес жыл бұрынғыдан 15 есе көп.
Сонымен қатар, кері тенденцияда байқалады. Кәсіпкерлер бұрынғыдай үнсіз қалмайды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тексеру кезінде құқықбұзушылық фактілері бойынша 192 әкімшілік іс қозғалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп.
Сарапшылардың айтуынша, ірі бизнес заңды қорғауға ие болып жатқанымен, шағын кәсіп иелері әлі де қауіп аймағында қалып отыр. Мамандардің пікірінше жүйенің өзі де бақылау мен қысымның ара-жігін толық ажырата алмай отыр.
Еске салсақ, ықпалды кәсіпкер Тимур Құлыбаев ҚазҰУ маңындағы жерінен айырылды. Нақтырақ айтқанда, Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» компаниясы Алматының қымбат ауданындағы 1,79 га жер учаскесін сотпен даулап, қайтарып алмақ болған. Бірақ сот жерді әкімдік иелігінде қалдыру туралы шешім шығарған.