Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тергеу жыл соңына дейін аяқталмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұшақ апатына қатысты тергеу қашан аяқталады / Фото: Reuters, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АZAL әуе компаниясының Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшағына қатысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тергеудің техникалық кезеңі аяқталуға жақын, ал жарылыс-техникалық сараптама нәтижелерін күту жалғасып жатыр. Сараптамаға қажетті кейбір жабдықтар шетелде зерттелуде, алайда жақын арада елге қайтарылады.

«Анализ кезеңі аяқталуға жақын, енді қорытынды есепті әзірлеу басталады. Ол бірнеше ай ішінде дайын болады деп ойлаймын», – деді Бозымбаев.

Ол бұл мәселені саясиландырмауға шақырды. Оған қоса тергеу барысында ешқандай құпия жоқ деп мәлімдеді. Шетелдік сарапшылар Астана мен Ақтауға тұрақты түрде келіп, қазақстандық мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

«AZAL компаниясына қатысты анықталмаған жалғыз мәселе – ұшақтың қандай жолмен зақымданғаны. Бұл сұраққа құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан жарылыс-техникалық сараптама жауап беруі тиіс», – деді вице-премьер.

Бозымбаевтың айтуынша, апатқа себеп болуы мүмкін қару-жарақ түрлерін анықтау үшін белгілі бір елдерге сұрау салынған. Бұл – ұшақ фюзеляжынан табылған бөлшектерге байланысты жүргізіліп жатқан жұмыс.

Үкімет тергеу нәтижесін жылдың соңына дейін жариялауға уәде беріп отыр. Бозумбаев бұл есептің апаттың нақты себептерін анық көрсететініне сендірді.

«Жыл соңына дейін қоғам бұл оқиғаның шынайы себебін білетін болады», – деді ол.

AZAL әуе компаниясына тиесілі ұшақ 2024 жылдың соңында Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Апаттан 38 адам қаза тапқан. 29 адам аман қалған.

Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақ апаты жауапкершілігін Ресей билігі мойнына алғанын қалайды. Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Әлиевтен кешірім сұраған, бірақ ұшақты Ресей атып түсірді демеген.

Сондай-ақ оқыңыз