17 тамыздан бастап Қазақстанда тағы бір жол ақылы болады

Көлік министрінің міндетін атқарушы республикалық маңызы бар Ақтау – Бейнеу автожолын ақылы негізде пайдалану туралы бұйрыққа қол қойды.
17 тамыздан бастап жүргізушілер республикалық маңызы бар II санаттағы Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау автожолының Ақтау – Жетібай – Шетпе – Бейнеу бөлігіне ақы төлеуге міндетті болады.
Дегенмен көлік жүргізушілеріне балама жол бағыты да ұсынылған. Олар республикалық маңызы бар Ақтау – Құрық, Құрық – Жетібай, Жетібай – Жаңаөзен учаскесі (Жетібай – Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы автожолы), аудандық маңызы бар Жаңаөзен – Қызылсай автожолы, сондай-ақ облыстық маңызы бар Сайөтес – Қарақұдық – Қызылсай автожолы.
Ақылы жолдың бастапқы нүктесі – 786-шақырым, соңғы нүктесі – 513+850-шақырым. Ақылы жолдың жалпы ұзындығы – 272,15 шақырымды құрайды,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ақылы автомобиль жолымен жүру үшін төлем мөлшерлемелері белгіленген.
Жол ақысы қанша болады
- Жеңіл көліктер – 0,0379 АЕК (149 теңге, кейін төлеу) және 0,0325 АЕК (127 теңге, алдын ала төлеу);
- 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,5082 АЕК (2 000 теңге, кейін төлеу), 0,4319 АЕК (1 698 теңге, алдын ала төлеу);
- 32 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 1,0261 АЕК (4 035 теңге, кейін төлеу), 0,8719 АЕК (3 428 теңге, алдын ала төлеу);
– 32 орыннан жоғары автобустар мен автопоездың жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 1,5327 АЕК (6 026 теңге, кейін төлеу), 1,3022 АЕК (5 120 теңге, алдын ала төлеу);
- Жүк көтергіштігі 10–15 тонна аралығындағы жүк көліктері – 2,0507 АЕК (8 063 теңге, кейін төлеу), 1,7438 АЕК (6 856 теңге, алдын ала төлеу);
- 15 тоннадан жоғары жүк көтергіштігі бар жүк көліктері, соның ішінде тіркемесі бар және седельный тягачтар – 2,5589 АЕК (10 061 теңге, кейін төлеу), 2,1757 АЕК (8 555 теңге, алдын ала төлеу).
Жолдағы қозғалыс жолағы екі бағытта да 1 және 2 жолақтан тұрады. Ал ақылы негізде пайдаланудың мерзімі – 20 жыл.
Еске салсақ мамыр айында Шу мен Бурылбайтал арасындағы жол учаскесіне ақылы тариф енгізілген болатын.