«Берденовке екі күн ота жасалады»: заңды өкілі сотқа талап-арыз түсірген

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке екі күн ота жасалады. Бұл туралы сот талқылауында жәбірленушінің заңды өкілі Жеңіс Тыныбек мәлім етті.
Жеңіс Тыныбектің сөзінше, Руслан Берденовке 7-8 тамыз күні ота жасалады. Одан кейін 20 күндей оңалтудан өтеді. Бірақ ол Берденовтің қай жеріне қандай ота жасалатынын нақтыламады.
Сотта жәбірленушінің заңды өкілі сотқа талап-арыз түсірген. Онда Берденовтің қазіргі жайы жазылған. Ол саматикалық емге жатқызылған. Стационарлық тексеруге, оңалтуға және одан әрі хирургиялық емдеуге дайындық жасауға жүгінген. Сот процесіне қатыса алмайтынына байланысты тергеу барысында берген жауаптарын қолдайтынын мәлімдеген.
Сондай-ақ сотта оның қазіргі денсаулығы туралы анықтаманы «Keruen Medicus” медициналық орталығы берген. Берденов «Keruen Medicus” медициналық орталығына аяғының ауыратынын айтып шағымданған. Қазір жүріп-тұруы шектелген, медициналық орталықта төсекте жату режимін сақтап жатыр.
Мұның алдында Берденовтің соттағы заңды өкілі оның операцияға дайындалып жатқанын айтқан.
«Оның өкпе, бауырында оқ дәрілері бар. Оның бәрін шығарып, оңалтудан өткеннен кейін сотқа қатысуы мүмкін» деген еді. Ол денесіне 5 рет оқ тиген адамды сотқа келуге міндеттеуге келіспеген. Судья Берденов сотқа келіп жауап бермесе де, онлайн жауап беруіне болатынын айтқан. «Оны сұрап көремін» деген еді жәбірленушінің заңды өкілі.
Кеше басты сот талқылауында жәбірленуші Ернар Жиембай оқиғаға жұмыстың қатысы жоқ екенін хабарлап, бұған Берденовтің ар-намысына тиіп, «соттатамын» деп қысым көрсеткені сеп болғанын айтқан. Ол оқты Берденовті өлтіру үшін емес, қорқыту мақсатында атқанын мәлімдеген. Көп өтпей денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған Берденов әлеуметтік желіде Жиембайдың бар жауабын теріске шығарған. Жиембай атқан аңшы мылтығының 60-тан аса қорғасын оғы бар екенін жазды.
Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен. Судья келесі сот отырысын 13 тамызға белгіледі.