АҚШ-тың Астанадағы елшілігі мүлкін сатып жатыр

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ескі мүліктерін онлайн-аукционға сатуға шығарды. Елшілік автокөлігін, компьютерлерін, кеңсе техникасын, теңіз контейнерлерін сатады. Бұл туралы дипломатия өкілдігінің ресми сайтында хабарланды.
Барлығы 17 лот ұсынылған. Тауарлар қазір қандай болса, сондай күйде сатылады. Ең қымбаты – 2011 жылғы Mitsubishi L200 көлігі. Оның аукциондағы бастапқы құны 2 млн теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, автокөлік жүріп тұр.

Бұған қоса, елшілік үш адамға арналған Polaris Ranger 6×6 UTV мотоциклін сатады. Бастапты бағасы — 200 мың теңге.

Сканер, принтер, монитор секілді техникалар да саудаға шығарылды. Олар 70 мың теңгеден 120 мың теңге аралығында бағаланды. Тағы екі теңіз контейнері бар. Оларды 100 мың және 75 мың теңгеге алуға болады.
Елшілік тауарларына қызығушылар толық тізімді мына жерден оқи алады. Сауда 11-15 тамыз аралығында өтеді. Саудаға шығарылған мүліктердің бәрі Астанада орналасқан.
Аукционға Қазақстанда тіркелген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Бірақ жеке тұлғаның жасы 18-ден асқан болуы тиіс. Акционға қатысу үшін онлайн-тіркеуден өту қажет.
Бұған дейін Kursiv.Media Ұлттық банк кеңсе техникасын жаңалып, ескісін әлеуметтік мекемелерге тегін беретінін жазған.