Израиль Газаны толық басып алмақ

8 тамызға қараған түні Израильдің соғыс кабинеті премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын толық бақылауға алу туралы шешімін бекітті.
Fox News арнасына берген сұхбатында Нетаньяху Газаны бақылауға алғысы келетінін айтқан. Қазіргі таңда Израиль әскері Газа секторындағы аумақтың шамамен 75 пайызын бақылап отыр.
Times of Israel басылымы жазғандай, Газа қаласына бағытталған операция 800 мыңға жуық тұрғынды жаппай эвакуациялауды талап етеді. Израиль үкіметінің мәлімдемесінде:
«Қарулы күштер Газа қаласын бақылауға алу үшін дайындық жүргізеді, сонымен қатар соғыс аймағынан тыс бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіледі», – делінген.
Нетаньяху Израильдің Газа секторын басқарғысы келмейтінін, бірақ қауіпсіздік белдеуін құрып, аймақты өзіне қауіп төндірмейтін араб күштеріне бергісі келетінін атап өтті:
«Біз ХАМАС-пен бұл мүмкін емес екенін түсінеміз».
Израильдің бас штабының бастығы Эяль Замир Газаны толық оккупациялау идеясын қолдамай отыр. Журналистердің хабарлауынша, бұл жоспарды «әскер үшін тұзақ» деп атаған. Дегенмен үкімет армияға қандай шешім қабылданса да, орындауға бұйрық бергенін мәлімдеді.
Израиль әскері Газа қаласын бақылауға алып, шамамен 1 млн тұрғынды сектордың оңтүстігіне көшіруді көздеп отыр. Бұл бірінші кезең. Екінші кезең бірнеше аптадан кейін басталып, гуманитарлық көмекті ұлғайтумен қатар, босқындар лагерлері мен тұтқындар болуы мүмкін деген аудандарға шабуыл жасалады.