Сәтқалиев алғашқы АЭС құрылысына нақты қанша қаржы кететінін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
General News бөлімінің тілшісі
Сәтқалиев алғашқы АЭС құрылысына нақты қанша қаржы кететінін айтты/Фото: KursivMedia

Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған салтанатты рәсімде жобаның нақты бюджетін атады.

Сәтқалиевтің сөзінше, бүгін атом электр станциясының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстары басталып отыр.

«Бұл кезең – жоба үшін аса маңызды, себебі ол болашақ станцияны орналастыруға ең қолайлы алаңды анықтап, кейінгі жобалау жұмыстары үшін қажетті инженерлік және геологиялық деректерді жинауға негіз болады», – дейді ол.

Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысының бюджеті 14-15 млрд долларға жуық соманы құрайтынын мәлім етті.

Одан бөлек құрылыс жүргізілетін Үлкен ауылында 1 млрд долларға әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылым салынбақ.

Айта кетейік, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған іс-шара өтіп жатыр. Оның барысында алғаш рет АЭС макеті көрсетілген болатын.

АЭС-ті ресейлік «Росатом» салады. Ресей АЭС құрылысына қажет қаржыны қарызға береді. Қазақстан бұл жоба бойынша экспорттық қаржыландыру тартуда ешқандай қиындық болмайтынына сенімді. Вице-премьер Роман Скляр бұл жобаның жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асатынын айтқан.

Ал екінші АЭС құрылысын қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы жүргізеді. Екінші АЭС-тің қайда салынатыны күзге дейін анықталмақ.

Жуырда Роман Скляр үшінші АЭС-ті де Қытай салатынын мәлімдеді. Оны да екінші АЭС-тің құрылысына жауапты China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы салуы мүмкін. Склярдың айтуынша, қазіргі таңда АЭС салуға қолайлы аумақ қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз