Шетел азаматын 102 млн теңгеге алдаған алаяқтар ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары алаяқтардың нөмірін бұғаттайды / фото: REUTERS
Фото: REUTERS

Ақмола облысының CyberPol бөлінісінің қызметкерлері Болгария азаматын 102 миллион теңгеге алдаған қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Алаяқтар қамауда отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, шетел азаматы 2025 жылғы мамыр-маусым айларында интернет-алаяқтарға алданып қалған. Күдіктілер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушіні ірі көлемдегі ақшаны бөгде адамдардың шотына аударуға көндірген.

«Түскен арыз бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде қылмыстың екі ұйымдастырушысы анықталды. Олар – Павлодар облысының тұрғындары», – деп хабарлады полиция.

Бұған қоса, осы қылмысқа қатысуы мүмкін тағы төрт күдікті анықталды. Олар Павлодар қаласында өткен «Контрафакт» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қолға түсті.

Алдын ала мәлімет бойынша күдіктілердің Көкшетау қаласы мен Қорғалжын ауданында болған екі ұқсас алаяқтық фактісіне де қатысы болуы мүмкін. Басқа жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Тінту барысында ұялы телефондар мен қаражаттың бір бөлігі тәркіленді. Күдіктілердің бәрі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыз