Абайдың 180 жылдығы: Алматыда қайда баруға болады

Алматыда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды бағдарлама басталды, деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, тамыз айы бойы қалада 120-дан астам іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер, жастармен кездесулер, сондай-ақ спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар бар.
Мерейтойдың басты салтанаты 10 тамызда – Абайдың туған күнінде өтпек.
Сағат 10:00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Ал сағат 12:00-де дәл осы алаңда «Алаштың Абайы» атты музыкалық-драмалық концерт ұйымдастырылады. Концертке Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Мерекеұлы, Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова және өзге де танымал өнер иелері қатыспақ. Бағдарламада Абай шығармаларынан шабыттанған театрландырылған көріністер, поэзия, вокалдық және аспаптық нөмірлер ұсынылады.
Іс-шаралар қаланың барлық сегіз ауданында өтеді. Мәселен, 8 тамыз күні сағат 11:00-де №6 кітапханада «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты поэзия кеші өтеді. Жазушы Нұрдәулет Ақыш пен ақын-философ Мұратхан Шоқан Абайдың бүгінгі қоғамдағы рөлі жайлы ой бөліседі.
Сол күні Қазақстан жазушылары кітапханасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музейінде сағат 15:00-де «Жарқын жұлдыздар» еңбегі негізінде Абай шығармашылығына арналған материалдар ұсынылады.
9 тамызда сағат 15:00-де Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейінде «Ұлы Абай» атты дәріс өтеді. Онда ақын бейнесі тарихи және әдеби контексте сараланады.
10 тамыз күні 10:00-де Махатма Ганди атындағы саябақта №4 кітапхана-филиал «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты арт-композиция өткізеді. Бағдарламада – әдеби ойындар, өлең оқу, Абай әндерін орындау, сондай-ақ «Ғаламның жыр данасы – Ұлы Абай» атты көрме ұсынылады.
28 тамызда сағат 19:00-де Республика сарайында «Абайға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Қойылым Абайдың рухани жолын музыка, театр және биді біріктіре отырып сахналайды.
Қыркүйек айында Мемлекеттік қуыршақ театрында «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» спектаклінің премьерасы өтеді (жас шектеуі: 16+). Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен «Қара сөздері» негізінде сахналанып, ақынның ішкі жан дүниесін, парасаты мен рухани тереңдігін ашады.
Статистика комитеті ұлы ақынның мерейтойына орай, елде «Абай» есімді адамдардың статистикасын жариялаған. Арасында қыздар да бар.