Жезқазғандағы жалғыз жекеменшік мектеп жабылудың алдында тұр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Зерделі-Жезу мектебі жабылудың алдында тұр/фото: Зерделі-Жезу

Жезқазғандағы «Зерделі-Жезу» жекеменшік мектебі қаржыландырусыз қалды. Мектеп оқушыларының ата-аналары әлеуметтік желіде видео жариялап, мәселені шешуді сұрап отыр.

«Бұл  мектептің білім беру деңгейіне барлық ата-ана разы. Білім ошағында балаларымыз орта білім алумен қатар ұлттық құндылықтарды қанына сіңдіріп, ата салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, өнерімізді жете меңгеріп жүр. Балаларымыз домбыра тартып, қазақтың қол өнерін үйреніп келеді. Мұндай оқу орны біздің өңірімізде бірінші рет ашылды», – дейді ата-ана.

Олардың сөзінше, Ұлытау облысында мектепте қаражат бөлінбей отыр. Сол себепті жабылу қаупі де бар.

Бұл мәселеге қатысты мектеп иесі Рысбек Мәуіт те пікір білдірген. Айтуынша, 2024 жылдың желтоқсанынан бері мектепке жан басына қаржыландыру бөлінбеген.

«Ұлытау облысы әкімдігінен бастап, жоғарыға дейін талай хат жаздық, жүгірдік. Бірақ мәселе әлі шешілмеді. Жазғы демалыс кезіндегі мұғалімдердің еңбек демалысын төлеу үшін 53 млн теңгені өз қаржымнан шығардым.

Зерделі-Жезу – Ұлытау облысындағы жалғыз жеке мектеп. Президентіміз жаңа облысты ашқанда, ол кісінің бастамасын қолдап, мен де бір азаматтық іс жасайын деп ізгі ниетпен бастап едік…», – деп жазды Рысбек Мәуіт.

Айтуынша, мектепті ашқан кезде кадр тапшылығын шешу үшін Астана мен басқа өңірлерден 12 мұғалім тартылған, оларға үй жалдап, жағдайын жасаған.

« Халық сенім артты, біз сол сенімді ақтауға тырыстық. Қазір мектебіміз сын сағатында тұр. Өзге облыстарда жан басына бөлінетін қаржы мұнда неге кешігіп жатыр?», – дейді Мәуіт.

KursivMedia бұл мәселеге қатысты Ұлытау облысы әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдайды.

Сондай-ақ оқыңыз