Сорбұлақ су қоймасынан табылған әскери тікұшақтың экипаж командирі жерленді

Жарияланды
Сорбұлақта жоғалған тікұшақтың экипаж командирі жерленді / фото: kursiv.media

Бүгін Түркістан облысы Төле би ауданы Сұлтанрабат ауылында Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ экипажының командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың жаназасы шығарылды.

Кеше Қорғаныс министрлігі тікұшақ бөлшектері мен бір адамның денесі табылғанын хабарлаған еді.

Ұшқыш, майор Нұржігіт Үйсімбаевтың отбасы қара жамылды. Үй алдында беліне ақ шыт байлап оннан аса еркек «бауырым-ай» деп аза тұтып тұр. Үй ішінен әйелдердің аңырап, жоқтаған дауысы естіледі. Қаралы үйге кіріп, шығып жүрген адам көп.

Нұржігіт Үйсінбаевдың інісі Ержігіт Үйсінбаевтың айтуынша, ағасының денесі кеше кешке үйіне жеткізілген.

«Кеше таңғы сағат жеті шамасында әскери тікұшақты таптық деген хабар келді. Біз сол Сорбұлақ су қоймасының басында едік. Тікұшақтың жанында бір адам бар деді. Алып шыққанда менің ағама ұқсатты. Бізді мәйітханаға алып барды. Ағамның бет-бейнесін, келбетін көрдім өз көзіммен. Келбеті сақталып қалған. Таныдым. Сол қалпында жатыр. 15 күн дегенде табылды»,– дейді марқұмның інісі Kursiv.Media-ға.

Оның сөзінше, Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі су астында әскери тікұшақтың жанынан табылған.

«Жұмысын өте жақсы көретін. Ісіне адал, мінезі тік болатын. Тап-таза, тура жүретін жігіт еді. Еңбекқор жігіт еді ғой. Үйдің үлкені болған соң асыраушысы, қамқоршысы еді. Бәрімізге қарап, еркелететін. Бәріміз ағама сеніп жүретін едік. Тіреушімізден айырылып қалдық», – деді Ержігіт Үйсінбаев көзіне жас толып.

Ол ешкімге шағымымыз жоқ, оқиғаның қалай болғанын тергеу анықтайды, қазір ештеңе айта алмаймыз деп қорытты.

«Түс көргендей болып тұрмыз. Әлі сене алмай жатырмыз. Кеше ғана көз алдымызда жүрген жігіт еді. Ағамды өзім тікұшаққа дейін шығарып салып, тікұшағынан денесін өзім алып келдім. Күліп, ойнап, барамын да қайтамын, «күтіп ал мені» деп еді. Осылай күтіп алатынымызды білген жоқпыз ғой.Өмірін әскери қызметке арнады, сол үшін жанын берді ғой», – деді марқұмның інісі көзіне жас алып.

Марқұмның жаназасы сағат он бірде үй ауласынан шығарылды. Жаназаға ондаған адам жиналды. Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі үйінен әскери оркестердің қатысуымен шығарылды. Оның денесі ауыл шетіндегі зиратқа жерленді. Жерлеу кезінде әскерилер аспанға оқ атты.

Марқұмның денесін үйден шығарғанда әйелдердің жоқтауы тоқтамады. Аңырап қалған анасы. «Ақ сүтімді ақтадың, балам! Ризамын!», – деді етегі жасқа толып.

«Жастайынан әскери қызметкер болуды армандады. Бәрімізді тәртіппен жүргізетін. Құрттай болса да басшым еді ғой ол менің. Ақылшым, данышпаным еді ғой. Нақсүйер балам еді ғой. Аспанда қалықтап жүруді бала кезден армандады ғой. Күндіз-түні ұшты, мыңдаған сағат жинады. Санатын да көтерді. Қандай оқу болса да біреуінен қалмады. Қатарының алды еді ғой балам. Тікұшақты жан-тәнімен жақсы көретін еді. «Мама, мен аспанға ұшсам құстай қалықтаймын, білесіз бе?» деп келген сайын айтып келетін. «Рақаттанамын, ләззат аламын осы жұмысымнан» дейтін еді. Жаным, жарығым! Жұлдыздай жарқ етіп, сөніп қалды ғой, балам!», – деді анасы жоқтап.

Анасының айтуынша, баласы әскери тікұшақтың жаңа екенін айтқан.

«Ұшақта ақау бар деп ойламаймын. Жап-жаңа жап-жақсы еді. Баламның өзі де өте ұқыпты еді. Екінші мекені болған соң, жанындай күтіп ұстайтын. Балам да тәжірибелі ұшқыш еді. 15 жылда бір де бір тәртіп бұзбаған. Жазмыш шығар», – дейді анасы.

Марқұм Нұржігіт Үйсінбаевтың артында үш жарым жастағы бір ұлы жетім қалды.
Кеше Қорғаныс министрлігі Сорбұлақта жоғалған тікұшақтың бөлшектері мен бір адамның денесі табылғанын хабарлаған. Министрлік спутниктік деректерді пайдалана отырып жүргізілген математикалық есептеулер тікұшақтың шамамен орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік бергенін мәлімдеген.

Бұдан бұрын марқұмның інісі Kursiv.Media-ға ағасы мен екі әріптесі Шымкентке 10 шілде күні іссапармен келіп, 15 күн бойы оның үйінде жатып, 25 шілде күні таңғы сағат жетіде ұшып кеткенін айтқан. Отбасына түсте межелеген жерге жеткенде хабарласатынын айтқан. Бірақ сол күйі хабар келмеген.

Нұржігіт Үйсінбаев Түркістан облысы Төле би ауданы Ленгер қаласында туған. 21 шілдеде 33 жасқа толған ол анасымен бірге Алматы қаласында өмір сүрген. Отбасындағы екі баланың үлкені. 2010 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына «Ұшқыш» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2014 жылы лейтенан шенімен тәмамдаған. ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні радардан жоғалып, байланыстан шыққан. Оның бортында үш экипаж мүшесі болған.

Сондай-ақ оқыңыз