Түркістанда балалар ауруханасының кіші қызметкерлері еңбекақының аздығына шағымданды

Шымкенттегі Түркістан облыстық балалар ауруханасының кіші қызметкерлері аурухана әкімшілігі еңбегімізді қанап отырғанына шағымданды. Айтуларынша, еңбегіне қарай ақысын төлемейді. Оған қоса міндетінен тыс жұмысқа салады. Жұмысшылар өздерінің аты-жөнін атамауды сұрайды. Олар мәселені ашық көтерсе, жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін деп алаңдайды. Ал аурухана әкімшілігі олардың шағымымен келіспейді.
Кіші қызметкерлердің шағымы
«Облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеймін. Жалақы көтеріледі деген болатын. Көтерілмек былай тұрсын төмендеп кетті. Мысалы, 132 сағат істеген жұмысыма 182 мың теңге шықты. Қаңтар, ақпан айында 130-140 сағатқа 225 мың теңге жалақы алған едім. Күнара жұмысқа түсеміз. Өз жұмысымыздан бөлек дала сыпырамыз, шөп жұламыз. Кіші қызметкерден бөлек аула сыпырушының да жұмысын істейміз», – дейді аурухананың кіші қызметкері.
Оның сөзінше, бұрын аурухананың қабылдау бөлімінде төрт кіші қызметкер жұмыс істеген. Қазір олардың саны екі адамға қысқарған. Жұмыстың ауырлығына шыдамаған жұмысшылар ерікті түрде жұмыстан шығып, салдарынан кезекшілікке кейде бір адамнан түсіп жатыр.
«Қабылдауда істейміз, жұмыс өте ауыр. Төрт блок жуатын жерде бір адам жұмыс істейді. Одан бөлек науқастарға қарайды. Тамағын жылытып береді. Травматология бөлімшесінде істейтіндер науқастарды жатқызуға көмектеседі, өздігінен дәретке шыға алмайтын науқастарды тазалап күтеді. Осы жұмыстың бәрін бір кіші қызметкер істейді. Екі адамның жұмысын бір адамға жүктеп қойған. Үлгермесең, сөгіс береді», – дейді ол.
Кіші қызметкердің пікірінше, аурухана әкімшілігі жұмысшылардың еңбегін қанап жатыр. Одан бөлек, мысалы, аурухана ішін, сыртын сырлау керек болса оны да кіші қызметкерлерге жүктеп қояды.
«Жасым келген адаммын. Өз жұмысымыздан бөлек өзгенің де жұмысын істеп отырмыз ба, еңбекақысымды есептеп берсін. Есепшіге барсам, бәрі дұрыс дейді. Күнара кезекшілікке түсіп жүрміз. Жалақымыз айына 200 мың теңгеден асуы керек», – дейді ол.
«60, 70 адамға бір адам қарау деген не сұмдық»
Оның сөзін дәл осы аурухананың екінші қызметкері де растады. Ол да «жұмысымыз көп, жалақымыз аз», – деді.
«Жағдай нашар бізде. Мысалы, түнгі кезекшіліктен таңда шыққан соң үйге қайтармай қайта жұмысқа салады. Негізі жалақымыз аз. Мысалы, мен бір айда 200 сағат жұмыс істедім. Соған 120 мың теңге жалақы берді. Есептетсек, дұрыс деп шығарды. Менің есебім бойынша, 180 мың теңге жалақы алуым керек еді. Айтсам, бұл айдың тарифі аз, келесі айдың тарифі көп болатынын айтты», – дейді ол ренішін білдіріп.
Оның айтуынша, аурухананың бір бөлімшесіне бір-бірден кіші қызметкер қойылған. Бұрын бір бөлімде екі кіші қызметкер, жан сақтау бөлімінде үш кіші қызметкер жұмыс істеген.
«Бір бөлімде бір кіші қызметкер деген не сұмдық. Бір адам бөлімшені жинай ма, құсық тазалай ма, жоқ әлде таңертең дала сыпыра ма? 60 кейде 70 науқас жатады. Олардың бәріне қарап біту мүмкін емес. Егер еңбегімізді бағалап, ақысын дұрыс есептеп төлесе мейлі еді. Одан бөлек еңбек демалысына шықсам, 90 мың теңге төледі. Емдік-сауықтыру ақысы төленбеді. Кіші қызметкерлердің жанайқайын ешкім тыңдап жатқан жоқ. Айта берсек шағымдарымыз көп», – деді ол да ашуланып.
Аурухана әкімшілігінің уәжі
Облыстық балалар ауруханасының қызметкерлері еңбегімізге жараса ақысымызды төлесін деп талап етеді. Десе де аурухана әкімшілігі олардың шағымы негізсіз деп келіспейді. Бірақ кіші қызметкерлер жетіспейтінін жоққа шығармайды.
Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық және әкімшілік қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Тынысбек Өзбековтің мәліметінше, 2023 жылдың шілде айына дейін еңбек ақысын төлеу туралы бұйрыққа сай кіші қызметкерлердің айлық жалақысы 85 мың теңге болған. Байқау кеңесінің шешімімен айлық жалақы 124 мың теңгеге көтерілген. Осы жалақыға артық істеген әр сағатқа ақы қосылады.
«Дұрыс есептелмеді дегендер келіп жатыр. Түсіндіріп беріп жатырмыз. Жұмыс уақытының балансы бар. Мысалы, әр айда 21 күн болады. Мерекелік күндерде 18 күн болады. Наурыз және мамыр айында жалақы жақсы берілді. Сәуір айында мерекелік күндер жоқ және 176 сағат болды. Осы кезде түсінбеушіліктер болған», – дейді Өзбеков.
Бас дәрігердің орынбасары кіші қызметкерлерден аурухана әкімшілігіне жалақы дауы бойынша шағым түспеді деп сендіреді. Ал артық сағат жұмыс істеген қызметкерге қосымша ақы төленеді деп отыр. Ол кіші қызметкерлердің жетіспей жатқанын растады. Бірақ қанша жұмысшы керек екенін нақтыламады.
«Бір айда кіші қызметкер 176 сағат жұмыс істеп, 124 мың теңге жалақы алады. Одан артық сағат бөлек есептеліп, жалақыға қосылады. Айталық, 1 сағат артық жұмысқа 708 теңге төленеді. Жалпы кіші қызметкерлердің жетіспейтіні рас. Ол туралы бөлім мамандары Еңбек.кз сайтына іліп қойған», – деді ол.
Бұған дейін Шымкентте дәрігерді ұрған зейнеткерге әкімшілік жаза тағайындалғанын жазғанбыз.