Nvidia Қытайға ЖИ-чип сатудан түскен табысының 15%-ын АҚШ үкіметіне бермек

Nvidia және Advanced Micro Devices (AMD) Қытайда чип сатудан түскен табысының 15%-ын АҚШ-қа беретін болды. Бұл жайлы дереккөздеріне сілтеме жасаған Financial Times пен The New York Times хабарлайды.
Келісім АҚШ билігі Nvidia компаниясына Қытайда H20 атты ЖИ-чипін сатуды қайта бастауға рұқсат бергенін хабарлағаннан бір ай өткен соң жасалды. Алайда, NYT жазуынша, сол кезде Трамп әкімшілігі «жасыл жарық» бергенімен, нақты лицензия берілмеген. 6 тамыз, сәрсенбі күні Nvidia басшысы Дженсен Хуанг Ақ үйде президент Трамппен кездесіп, табыстың бір бөлігін беруге келісті. Екі күннен кейін ғана Сауда министрлігі сату лицензияларын бере бастады.
Келісім бойынша, Nvidia Қытайға сатылатын H20 чиптерінің, ал AMD MI308 чиптерінің сатылымынан түскен табыстың 15%-ын бөліседі. Бұл қаражатты қалай жұмсау керегін Трамп әкімшілігі әлі шешпеген. NYT дерегінше, мәміле АҚШ үкіметіне 2 миллиард доллардан астам кіріс әкелуі мүмкін. Бұған дейін Bernstein Research сарапшылары Nvidia-ның Қытайға биылғы жылдың соңына дейін 15 млрд доллардан астам сомаға чип сататынын, ал AMD 800 млн долларлық сатылым жасайтынын болжаған.
Nvidia бұл келісімді жоққа шығармады.
«Біз жаһандық нарықтағы қатысуымыз үшін АҚШ үкіметі белгілеген ережелерді орындаймыз», — деді компания өкілдері.
Алайда мәміле ұлттық қауіпсіздік бойынша сарапшылар тарапынан сынға ұшырады. Олар Қытайға ЖИ-чиптерін сатуға қарсы болған. Бұрын АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Қытай бағытын басқарған Лиза Тобиннің пікірінше, бұл шешім Пекинді Вашингтонға қысым жасауға итермелеп, Трамп әкімшілігін одан әрі жеңілдіктерге баруға мәжбүрлеуі мүмкін.
Осы жазда Nvidia нарықтағы құны 4 трлн доллардан асқан алғашқы компания атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке бүкіл әлемдегі ешбір компания жеткен емес.