Ресей азаматтары Түркиядан жаппай көшіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Анталиядағы матрешка / фото: shutterstock
Антальядағы матрешка / фото: shutterstock

Түркияда тұратын ресей азаматтарының саны 2023 жылдан бері шамамен екі есеге азайды. Екі жыл бұрын осы елде Ресейдің 154 мың азаматы болса, қазір бар болғаны 85 мың адам қалған. Бұл туралы Известия жазды.

Басылым Ресейдің Түркиядағы елшілігі берген мәліметке сүйенді. Анкарадағы елшілік осы елде тұрақтаған азаматтар азайып келе жатқанын атап өткен.

Релоканттардың Түркиядан жаппай көше бастауының бірнеше себебі айтылды. Басты себеп – бағаның, әсіресе баспана құнының көтерілуі. Қазір Түркияда инфляция шамамен 33% болған. Жылжымайтын мүлік 30%-ға қымбаттаған.

Бұған қоса, Ресей азаматтары үшін уақытша тұруға рұқсат мерзімін созу қиындаған.

«Таныстарымның көбі туристік аймақтарда (Анталья, Алания), сонымен бірге Ыстанбұлда тұрады. Олар уақытша тұруға рұқсат ала алмай жүр. Түркияда 5-10 жыл тұрған азаматтар да. Жеке баспанаң бар болса да, рұқсат бермей қоюы мүмкін», – дейді Ирина Неплюева «Известия» басылымына.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media 2025 жылдың екінші тоқсанында 720-дан аса ресейлік компания Қазақстаннан кеткенін жазған. Қазір елде Ресейдің 17,6 мың компаниясы жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз