Адвокат Перизат Қайрат пен анасын ақтауды сұрап, апелляциялық шағым түсірді

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкімге адвокат Асланбек Даулетияров апелляциялық шағым берді. Бұл ақпаратты Informburo.kz сайтына қорғаушының өзі растады.
«Апелляциялық шағымда мен үкімді жоюды және (Қайрат пен Алашбаеваны – авт.) олардың іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан ақтауды сұраймын», – деді адвокат.
Бұған дейін сот үкімімен Перизат Қaйрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ мемлекеттік марапат – «Шапағат» медалінен (қайырымдылық пен мейірімділік үшін берілетін) айырылды.
Сонымен қатар сот Перизат Қайрaт пен Ғайни Алашбаеваны 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1 млрд 582 млн теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, әрқайсысы 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңге сот шығындарын төлеуі тиіс.
Қазіргі таңда апелляциялық шағым сот қарауына жіберілді. Үкімнің күші шағым толық қаралғаннан кейін белгілі болады.