Әкімдіктер талапкерлерге 2 мыңға жуық жергілікті грант бөлді

2025–2026 оқу жылына арналған жергілікті атқарушы органдардың конкурстық негіздегі мемлекеттік білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліментінше, биыл өңірлер бойынша жалпы 1729 грант ұсынылды. Оның ішінде ең көп грантты — 526 орынды Астана қаласының әкімдігі бөліп отыр. Бұл көрсеткіш әкімдіктер арасында ең жоғары. Екінші орында — 299 грант бөлген Шығыс Қазақстан облысы, үшінші орында — 285 грантпен Шымкент қаласы. Одан кейін Атырау облысы – 265, Жамбыл облысы – 215, Абай облысы – 200, Түркістан облысы – 180, Батыс Қазақстан облысы – 128, Маңғыстау облысы – 108 грант бөлген. Қалған өңірлерде бұл көрсеткіш 100-ден аз.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беруі тиіс. Өтінішпен бірге білімі туралы құжат, ҰБТ сертификаты, жеке куәлік көшірмесі және жеңілдік санатына жататынын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) тапсырылады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі жөніндегі ақпаратты жергілікті әкімдіктерден немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады. Грант иегерлерін анықтау жөніндегі шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.