Тоқаев алғашқы АЭС-ке үздік атау табу үшін байқау жариялауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен өткен кездесуде бірер күн бұрын құрылысы басталған елдегі алғашқы АЭС-ке атау беру мәселесін көтерді.
Президент Қазақстан инновация мен жоғары технологиялар негізінде елдің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатқанын атап өтті.
«Росатом» компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз», – деді Президент.
Тоқаев жиын барысында халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын табыстады.
8 тамыз күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысы аясында инженерлік ізденістер жұмысы басталған. Оның барысында АЭС салуға арналған алаң таңдалатын болады.