Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары «Қазақстан темір жолы» басқаруына өтті

Осы жылдың 16 шілдесінен бастап Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сенімгершілік басқаруына өтті. Бұл жайлы компанияға сілтеме жасаған «Қазақпарат» жазады.
Ұлттық компания екі нысанды жаңалауды жоспарлап отыр. Алматы-1 вокзалының ғимараты жөндеуден өтеді.
«Өз кезегінде, тарихи-мәдени ескерткіш болып саналатын Алматы-2 теміржол вокзалы ғимараты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес қайта қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар жоспарға енгізілген және барлық нормативтік талаптарды сақтай отырып орындалады», – деп жазылған хабарламада.
Жөндеу жүргізу мерзімі әзірге белгіленген жоқ. Нақты жұмыс көлемі мен уақыты жобалық-сметалық (ғылыми-жобалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптама жүргізгеннен кейін анықталады.
Айта кету керек, қазір Алматы-1 вокзалында 80 адам, ал Алматы-2 вокзалында 47 адам жұмыс істейді. 2019 жылы екі вокзал да Алматы әкімдігінің қарамағына өткен еді. Ал 2023 жылы қаланың бұрынғы әкімі Ерболат Досаев ҚТЖ вокзалдардың жөндеу жұмысына, дамуына қаржы құюға дайын деп мәлімдеген.