Бас прокурор елімізде азаптау фактілері үш есеге қысқарғанын айтты

Бас прокурор Берік Асылов елімізде азаптау фактілері үш есеге қысқарғанын мәлімдеді.
Айтуынша, қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының кепілдіктері күшейтіліп жатыр.
«Қылмыстық ортаға 2547 адамды негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды (-67%, 152-ден 50-ге дейін). 81 сотталған адамның жағдайы жақсарды», – деді ол.
Тергеу органдарының 12 мыңнан астам заңсыз шешімінің күші жойылған.
Жеті айда 354 млрд теңге қайтарылды
Асылов активтерді қайтару комитетінің жұмысына да тоқталған. Сөзінше, биыл 354 млрд теңгеден астам сома қайтарылды.
«Қаржы 400-ден астам әлеуметтік объектінің құрылысына жұмсалып жатыр. Оның ішінде шалғай елдімекендер мен қалаларда 333 объектінің құрылысы басталды. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау және спорт салаларындағы 33 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды», – делінген ақпаратта.
Тек бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген тексерулер мен талдаудың нәтижесінде ғана мемлекет кірісіне 5,7 млрд теңге өндіріп алынды, 259 млрд теңгеге 641 сатып алу жойылды, жауаптылықтың әртүрлі түрлеріне 1 519 адам тартылды.
Бас прокуратура шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеді.