Түркияда орман өртінен елу шақты адам зардап шекті

Түркияның солтүстік-батысындағы Чаннаққала өңірінде желдің күшеюіне байланысты орман өрті одан сайын өршіді. Соған байланысты жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Елу шақты адам зардап шекті. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Өңір орталығының губернаторы Омер Тораманның айтуынша, 770 құтқарушы орман өртін сөндіруге талпынып жатыр. Ұшақ, тікұшақ және басқа да техника тартылған.
Билік аса қауіпті аймақтарды тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Олардың арасында университет кампусы, әскерилер мен тұрғындар бар. Бұған қоса, жергілікті билік азаматтарға орман өртеніп жатқан өңірге келмеуге кеңес берді.
Қала әуежайы, Дарданелла бұғазы, сонымен бірге алты тас жол дүйсенбі күні бірнеше сағатқа жабылды. Содан кейін таң атқанда қайта ашылды.
Түркия метеорология қызметінің мәліметінше, өңірде ауа температурасы 33 градусқа дейін көтерілген. Ал қатты жел екпіні сағатына 66 шақырымға дейін күшейген.
Губернатордың айтуынша, елу шақты адамға иіс тиген. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Науқастардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.
Чаннакқала – Мәрмәр және Эгей теңізін жалғастыратын Дарданелла бұғазы жағалауында орналасқан қала.
Естеріңізге сала кетейік, биыл маусымның аяғында Түркияның батысындағы Измир провинциясында жүздеген үй өртеніп кеткен.
Кейінгі жылдары Түркияның теңіз жағалауындағы аудандарда орман жиі өртеніп жүр. Себебі жаз ыстық, әрі құрғақ. Ғалымдар оны климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр.