Қытайда өткен роботтар жарысында Шымкент пен Түркістан оқушылары топ жарды

Қытайда өткен роботтар сайысында Шымкент пен Түркістанда салынған «Келешек мектептерінің» оқушылары топ жарды.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қытайдың Бейжің қаласында 2025 жылы 8–12 тамыз аралығында Дүниежүзілік робот конференциясы – World Robot Conference 2025 және World Robot Contest жарысы өтті.
Шымкент пен Түркістан облысынан келген өрендер ерекше көзге түскен.
Шымкент қаласындағы ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында салынған №149 мектептің YASSI тобы қола жүлдені жеңіп алды. Бұл топтың құрамында Талас Нұрғаным, Есенгелді Талғат бар.
Сондай-ақ, Түркістан облысындағы ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында салынған №33 мектептің AquaBots тобы да марапатқа ие болды. Бұл топтың мүшелері – Боханов Сүйінбай, Ишанхан Маруан.
Әбдікаримов Ердоc пен Әлімжан Алуа командалардың жетекшілері әрі менторлар болды.
Аталған іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы жиналыпты. Робототехника, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріс саласындағы жетекші халықаралық алаңдардың біріне айналып отыр.
DOBOT Intelligent Manufacturing Challenge байқауы аясында оқушылар DOBOT платформасында инновациялық ойларын ұсынған. Өндірістік тапсырмаларды шебер орындап, командалық жұмыстағы үйлесімділігімен ерекше көзге түсіп отыр.
«Екі қазақстандық команда жоғары дайындық деңгейін, креативті ойлауын және тамаша командалық жұмысын көрсетті. Олардың жетістігі – елдегі техникалық білімді дамытуға жасалған маңызды қадам және жас қазақстандық инженерлер мен жаңашылдардың әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді», – деп баға берді министрлік.
Айта кететін жайт, Алматыдағы онкологиялық орталықта химиотерапиялық препараттарды енді робот әзірлемек.