Дженнифер Лопестің Қазақстандағы концерті: экономикалық әсері қандай болды?

Жарияланды
Дженнифер Лопестің концертінен ел экономикасына түскен пайда қандай? /фото: justjared

Travelstan дискуссия алаңында сарапшылар Дженнифер Лопестің Астана мен Алматыда өткен концертінің қорытындысын талқылады.

Тревел-блогер Жансая Менлибаева ұйымдастыруға қатысты маңызды жайтқа назар аударды:

«Мен Астанадағы концертке бардым және биотуалеттердің жеткіліксіз екенін байқадым. Адамдар жақын маңдағы дүкендерді, кафелерді, тіпті стоматологиялық клиникаларды шарлап, әжетханаға кіргізуді сұрауға мәжбүр болды. Алайда көп жер туристерді кіргізбеді. Бұл қолайсыздық тудырып, жалпы әсерді бұзды», – деді.

Астанадағы «Kompas» туроператорының директоры Ерали Тілеуов мультипликативті әсердің ауқымына тоқталып: «Барлығы табыс тапты: қонақүйлер, транспорт компаниялары, мейрамханалар, кейтеринг қызметтері. Тіпті елдің әуе кеңістігі де пайда әкелді — Дженнифер Лопес командасы Қазақстан үстімен ұшу үшін 7–7,5 мың доллар төледі. Экономиканың әр сегменті пайда көрді, бүкіл ел пайда тапты. Дұрыс үйлестіру арқылы мұндай шаралар ұлттық деңгейде кешенді қайтарым бере алады», – деп атап өтті.

«Inside Travel» туристік зерттеу компаниясының директоры және Kazakh Tourism қоғамдық кеңесінің мүшесі Еркін Тікенов, кейбір туристік көрсеткіштер орындалмаса да, бұл тәжірибе өсу нүктесіне айналғанын айтты:

«Шамамен 15 мың пакеттік шетелдік турист тарту жоспарланған еді, іс жүзінде топтық туристер саны аз болды. Бірақ екі қалаға келген қонақтардың жалпы саны орналастыру нысандарында тіркелгендерден көп болды. Бұл – кемшілік емес, керісінше болашақта дестинациялардың нысаналы маркетингін жақсартуға, көбірек турпакет әзірлеуге және туризмнен түсетін кірісті есепке алудың баламалы статистикасы мен құралдарын күшейтуге мүмкіндік деп қарауымыз қажет. JLO концерті Қазақстанның халықаралық шараларды қабылдай алатынын көрсетті және бұл тәжірибе осы индустрияны дамытуға жақсы мысал болмақ».

Travelstan дискуссия алаңының авторы Алмас Маратұлы:

«Әлемдік деңгейдегі «А» класты жұлдыздың келуі – Қазақстанның халықаралық шаралар үшін қауіпсіз әрі тартымды бағыт ретінде қабылданатынының айқын дәлелі. Бірден екі ірі қалада концерт өткізу – халықтың сатып алу қабілетінің жоғары екенін және сапалы мәдени өнім үшін төлеуге дайын екенін көрсетеді. Мұндай әртістер тек инфрақұрылымы әлемдік деңгейге сай, бесжұлдызды қонақүйлері, заманауи көлігі, VIP-қызметтері, кәсіби сахналық жабдықтары және тәжірибелі мамандары бар жерлерге ғана келеді. Сонымен қатар бұл әсер тек экономикамен шектелмейді – оның әлеуметтік-мәдени мәні де бар. Мұндай оқиғалар қазақстандық креаторлар мен ұйымдастырушыларды индустрияны дамытуға ынталандырады, ал 56 жастағы Дженнифер Лопестің жоғары деңгейдегі физикалық формасын сақтау үлгісі адамдарды, әсіресе әйелдерді спорт пен денсаулыққа көбірек көңіл бөлуге жігерлендіреді».

Айта кету керек, Дженнифер Лопестің концерті мәдени оқиғаның халықаралық имидждік әсерді, экономикалық пайданы және туризм мен креативті индустрияны дамытуға серпін беруді қалай үйлестіре алатынының айқын мысалына айналды.

Толығырақ подкастан көріп, білсеңіздер болады:

Сондай-ақ оқыңыз