«Биыл дым жоқ» деген сөзімен танымал адам әкім орынбасары атанды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
"Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ" деген сөзімен танымал адам әкім орынбасары атанды
«Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ» деген сөзімен танымал адам әкім орынбасары атанды/Фото: Видео кадры

Осыдан он шақты жыл бұрын Ақтөбе облысындағы жергілікті телеарна журналисіне білдірген пікірі түрлі мемге арқау болған Аян Қорқытұлы Шалқар ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Аян Қорқытұлы – мемлекеттік қызметкер. Осы қызметке тағайындалғанға дейін Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тұрғанда жол мәселесі жайлы сұраққа берген жауабы желіде кеңінен тарап, қызу талқыланған.

Аян Қорқытұлы журналиске аудандағы жол жасалмайтынын жалпыламай төтелей айтқан.

«Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ, ақша жоқ, жол жөнделмейді» деген еді ол сол кезде. Ол тіпті бір-екі көшені жөндеуге ақша бөлініп, оны қайтып алғанын ашына атап өткен.

Кейінгі жауаптарының бірінде «ақша тиген жағдайда мұрын боғын шашыратып істейміз бәрін десе», бір сөзінде «Шалқар чики-чики» деген.

Желі қолданушылары сол кездегі бөлім басшысының сөздеріне түрліше реакция танытқан. Біреулер «»мемлекеттік қызметші этикасынан жұрдай» екен деп сөксе, біреулер «мәймөңкелемей ашығын бетке айтатын турашыл адам екен» деп сөйлесу мәнерін қолдаған.

Кейінірек мемлекеттік қызметшінің сөзі әзілге құрылған видеолар арқылы мемге айналған. Әсіресе, 8 наурыз қарсаңында «биыл дым жоқ» деген видеолар көп таралады.

Бұған дейін, анасынан енді бала таппауды жалынып сұраған қыз бала желі жұлдызына айналған.

Сондай-ақ оқыңыз