Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді

Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жазды.
«Президент жарлығымен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебе берілді. Бұл – әділетті әрі тарихи шешім. Себебі 1991 жылға дейін Қазақстанда тек екі ғана университет деңгейіндегі жоғары оқу орны болды: ҚазМУ және КарМУ (қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті). Бұл факт КарМУ-дың сол кездегі де, бүгінгі де деңгейі мен әлеуетін айқын көрсетеді», – деп жазды Аймағамбетов.
Жаңа мәртебе – бұл университеттің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім және кәсіби даму үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
«Бұл бюджеттен бөлінетін қаржының артуына тікелей әсер етеді, демек профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысының өсуі және университетіміздің материалдық-техникалық базасының дамуы деген сөз», – дейді депутат.
Айта кетейік, университетте 13 факультет пен 48 кафедра бар. 13 мыңға жуық студент білім алып жатыр.