Youtube пен TikTok-тан табыс табатын қазақстандықтардың кірісі бақыланады

Енді Youtube және TikTok тәрізді цифрлық платформалардан табыс табатын қазақстандықтар кірісін ашық жариялауы керек. Жаңа Салық кодексінде осындай норма бекітілген деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінен.
Комитет Салық кодексіне қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап дайындады. Ол жерде шетелдік интернет-платформаларда көрсетілген қызмет, жүзеге асырылатын тауар бойынша мәліметтерді ұсынуы керек екені де жазылған.
«Бұл мәліметтер уәкілетті органға ай сайын ұсынылатын болады және сатушылар, өткізу көлемі және мәмілелердің өзге де бөлшектері туралы деректерді қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстанның резидент-жеке тұлғаларының пайдасына төлемдерді жүзеге асыратын шетелдік интернет – платформалар да осындай төлемдер туралы ақпарат беруге міндетті болады», – деп жазылған комитет хабарламасында.
Яғни 2026 жылдан бастап жергілікті және шетелдік интернет-платформалар тауар, қызмет көрсеткен клиенттер, сатушылар, мәмілелердің құны жайлы ақпараты көрсетуі керек. Сол мәліметтер негізінде интернет-платформалардан сыйақы алатын азаматтардың кірісіне камералды бақылау орнатады.