Қыздарға «сәлем, танысуға бола ма» деп жазудың орнына не деу керек

Threads желісіндегі қолданушылардың бірі қыздар қауымына осындай сауал тастады.
Көшеде танысу сирек құбылысқа айналып, желі арқылы жұп табу қалыпты нәрсе болып кеткен уақытта жаттанды тәсілге жүгінбей, ерекшеленген жігіттің қадамын арулар бағалайтыны анық.
Сондықтан, жас жігіттің өзін толғантқан сауалды қыздар қауымынан төтелей сұрағаны бәлкім дұрыс та шығар. Жауыр болған таныстық тәсілінен арулар да шаршады ма, әйтеуір «оның орнына былай жазған дұрыс» дегеннің сан түрлі нұсқасын ұсынып жатыр. Тіпті бір қыз «сәлем, танысуға бола ма» деп жазған жігітті бірден қара тізімге тығатынын айтады.
Бір қолданушы «ұйықтап жатсың ба» деп әкете бересің ғой» деп кеңес берсе, біреулер әзілдеп «кредитіңді жауып берейін бе», «Каспиде 10 мың бар ма, жоқ? қазір салам» деп жаз дейді. «Танысқым келеді» деп батылдық таныт, «Суретіңнің атмосферасы күшті екен, өзің түсіресің бе» деп детальге мән бер, » – қалайсың көрінбей кеттің ғой, – сіз кімсіз, – мен ғой …» деп әңгімені жалғасыра бересің деп жол сілтеушілер, «ChatGPT» көмегіне жүгінуге кеңес беретіндер бар. «Қыздың мекенжайын білсе, гүл жіберіп соған «сәлем, танысуға бола ма» деп жазып жіберсе, танысуға қарсы емеспіз» дейді бір бойжеткен.
Қалай дегенмен де қыздар қауымының басым бөлігінің ойы бір арнаға тоғысады. Ол – танысқысы келетін адам неге қызығатынын, немен айналысатынын бақылап, соған орай бірдеңе жазу. Бұл тұста қатесіз, сауатты жазу маңызды.
Бұған дейін, қазақстандықтар некеге тұрудың басты себептерін атаған.