Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сот шешімімен қамауға алынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи / фото: JUNG YEON-JE/Pool via REUTERS
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи / фото: JUNG YEON-JE/Pool via REUTERS

Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи сот шешімімен қамауға алынды. Оған жемқорлық жасады деген айып тағылып отыр. Экс-президенттің әйелі айыптауларды жоққа шығарған. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Агенттіктің мәліметінше, 12 тамыз күні кешке жергілікті сот Ким Гон Хиді қамауға алу туралы шешім шығарды. Содан кейін елдің бұрынғы бірінші ханымы ұсталды. Оның күйеуі де түрмеде отыр.

Ким Гон Хи – Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёльдің әйелі. Ол биыл сәуірде биліктен шеттетілген. Себебі экс-президент 2024 жылғы желтоқсанда елде әскери жағдай орнатуға талпынған.

Сейсенбі күні Ким сот алдында кешірім сұраған ишарат танытып иілген. Бұрынғы бірінші ханым журналистер сауалдарына жауап бермеген, ешқандай мәлімдеме жасамаған. Алайда сот оны қамауға алу туралы шешім шығарып отыр.

Ким Сок Хи сот алдында кешірім сұрады / фото: JUNG YEON-JE/Pool via REUTERS
Ким Сок Хи сот алдында кешірім сұрады / фото: JUNG YEON-JE/Pool via REUTERS

Прокурорлар Кимге құндық қағаздармен алаяқтық жасады, пара алды, ықпалын заңсыз саудалады деген айыптар таққан. Ол бір жылға сотталуы мүмкін.

Бұрынғы бірінші ханым бұған дейін де жанжалға ұшыраған. 2022 жылы Ким күйеуімен бірге НАТО саммитіне қатысқан. Сол жиынға ол 43 мың доллар тұратын Van Cleef алқасын тағып барған. Айыптаушылар қымбат зат қаржы декларациясында көрсетілмегенін айтқан.

Бұған қоса, Кимді құны 20 млн вон тұратын екі Chanel сөмкелерін, бриллиант алқаны пара ретінде алды деп айыптап отыр.

12 тамызда бұрынғы бірінші ханым да, оның адвокаттары да ешқандай мәлімдеме жасамады. Алайда бұған дейін олар тағылған айыптарды жоққа шығарып келген.

Сондай-ақ оқыңыз