Алты жыл жасырынып жүрген қазақстандық Ресейден елге жеткізілді

Есірткіні сатқаны үшін сотталған қазақстандық Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
«Ер адам 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Павлодар қаласында аса ірі көлемде есірткі заттарын сатқан. 66 кг марихуана мен 8 кг гашишті одан әрі сату мақсатында тасымалдау барысында оны полиция қызметкерлері ұстаған. Алайда 2015 жылы ол сот үкімімен ақталды», – делінген ақпаратта.
Кейін прокурордың наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылып, оған 10 жарым жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Сол уақыт ішінде азамат қылмыстық жазадан құтылу мақсатында соттан бой тасалап, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 6 жылдан астам уақыт жасырынып жүрген.
2024 жылдың желтоқсанында іздеудегі адам Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, енді 10,5 жыл жазасын өтеуі керек.
Бұған дейін Қостанай облысында кәмелет жасқа толмаған балаға зорлық көрсеткен күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.