Алматы полициясы «Кар Ситиден» 40-қа тарта адамды алып кетті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Алматы полициясы "Кар Ситиде" рейд жүргізіп 40-қа тарта адамды алып кетті
Алматы полициясы «Кар Ситиден» 40-қа тарта адамды алып кетті/Фото: Видео кадры

Алматының Әуезов аудандық полициясы «Заң және тәртіп» қағидаты мен Профилактика жылы аясында «Кар Сити» сауда орталығы аумағында рейд жүргізді.

Рейд барысында рұқсат етілмеген сауда жасау, азаматтарға тиісіп мазасын алу, жұмыс орындарында және техникалық қызмет көрсету станцияларында темекі шегу, қоқыс пен автокөлік бөлшектерін рұқсат етілмеген жерлерде сақтау сияқты фактілер анықталған. Алкогольді ішімдік ішу мен ұсақ бұзақылық әрекеттерінің жолы кесілген.

Шара аясында 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полицияға жедел есепке алынған 39 адам жеткізілген, олардың арасында төртеуі – шетел азаматы, сондай-ақ ата-анасының рұқсатынсыз жұмыс істеген кәмелетке толмаған балалар да бар.

Көлік құралдарын рұқсат етілмеген жерлерге қойып кеткені үшін 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, 9 автокөлік айыппұл тұрағына қойылған.

Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау үшін түрлі шараларды күн сайын жасайтынын атап өтті.

«Профилактика жылы – бұл тек жоспарлы жұмыс қана емес, сонымен қатар тәртіптің сақталуын тұрақты бақылау. Алматы полициясы көшелерде, халық көп жиналатын жерлерде және тұрғын аудандарда қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін күн сайын шаралар қабылдайды. Кез келген құқықбұзушылыққа жол берілмейді, ал кінәлілер жауапқа тартылатын болады», – деді, Әуезов аудандық полиция Басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.

Рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатыны атап өтілді.

Бұған дейін, СҚО-да демалыста жүрген полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарып қалғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз