Амнистияға ілінген 650 адам бостандыққа шықты

Қазірге дейін амнистияға ілінген 650 адам түзету мекемелерінен босатылды. Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қазір елдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 2 мыңнан астамы әйел.
«5 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде рақымшылықты қолдану мәселесін қарау үшін соттарға 3 500-ден астам материал жолданды. Оның ішінде жазадан босату немесе жаза мерзімін қысқарту бойынша өтініштер де бар. Қарау нәтижесінде шамамен 650 адам босатылды, олардың 87-сі – әйел», – делінген ақпаратта.
Алдын ала бағалау бойынша, рақымшылық 15 мыңнан астам адамға қолданылады. Соның ішінде 4 мыңға жуығы қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан толық босатылады, шамамен 11 мың сотталғанға жаза мерзімі қысқартылады.
Жыл соңына дейін амнистия қолданылатын сотталғандарға қатысты материалдар соттарға жолданады.
Айта кетейік, рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады.
Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыстарды залал келтірмей жасаған жағдай немесе залалды толық өтеген не азаматтық талап қойылмаған азаматтарға да қолданыла алады. Бұл тізімде ауырлығы орташа қылмысжасап, теріс мінез-құлқы болмаған, жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандар кіреді.
2025 жылдың маусымында Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай сотталған 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.